Ауданымызға қарасты Биназар ауылдық округінің аумағына жататын Меркі-Бурылбайтал тас жолы бойындағы жолаушыларға қызмет көрсететін бірнеше тамақтану-демалу орындары бар. Жеке кәсіпкерлердің кәсіпкерлік нысандарының қақ ортасынан осы саланың белді кәсіпкері Жақсылық Төлендиевтің Құралай асханасы бой көтерді. Осы асхананың ашылу салтанатын өткізу үшін кәсіпкердің жан-жақты әрі тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Кәсіпкер жаңа нысанның ашылуына аудан басшылығы мен ауыл тұрғындары, ағайын-туыстың басын қосты.
Кәсіпкер Жақсылық Төлендиев пен марқұм жұбайы Құралай Оспанова екеуі егемендіктің алғашқы қиын-қыстау заманынан бастап кәсіпкерлікті қолға алып, алғаш жол бойында қызмет көрсету жұмыстарын бастағандардың бірі еді. Кәсіпкер отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда кәсіпкерлік нысандарында 50 адамды жұмыспен қамтып, өз кәсібінің шарапатын көріп отырған азамат.
Бір мезгілде 100 адамға қызмет көрсете алатын Құралай асханасының дизайны заман талабына сай безендірілген, жеке отыруға арналған бөлме мен тапшандар, намазхана келушілердің ыңғайына қарай жасақталған.
Ашылу салтанатында ауыл ақсақалы Жаңабек Әділбаев бата беріп, белгілі ақын-сазгер Болатбек Әбішев ақ тілегін өлең жолдарымен жеткізді. Биназар ауылының «Асыл әжелер» ансамблі арнау айтып, Гүлдана Қаржаубай «Анамның жаққан ошағы» әнін орындады.
Аудан әкімі Әлихан Балқыбеков құттықтау сөз сөйлеп, Жақсылық Шоқанұлына «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырып, иығына шапан жапты.
Келесі құттықтау сөзі аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықовқа берілді. Мәслихат төрағасы кәсіпкердің ұлы, қолдаушысы, жұмысының басым бөлігін ұйымдастырып, жүргізіп отырған Ерлан Жақсылықұлына Құрмет грамотасын табыстап, Жақсылық Шоқанұлының иығына шапан жапты.
Ашылу салтанатының басты рәсімі саналатын лента қию рәсімі ауыл ағалары Бақыт Төлендиев пен Ақылбек Қыбыраевқа тапсырылды. Асхананың шымылдығы ашылған соң, осы ғимараттың ішіне жайылған дастарханда жиналған көпшілікке ауызашар берілді.