Үстіміздегі жылдың 8 сәуірі мен 11 мамыры аралығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жарияланды. Бірінші апта, яғни, 8-13 сәуір аралығында «Таза өлке» атауымен өтті. Бұл аптада аудан тұрғындарын, қоғамдық қызметкерлерді, ұйымдар мен қызметкерлерін өз аула аумақтары мен аулаларын, аудан ұйымдары мен кәсіпорындарының аумақтарын тазалауды ұйымдастыру көзделді.
Осы орайда ауданның барлық ауыл, ауылдық округтерінде тазалық жұмыстары ұйымдастырылуда. Аудан орталығындағы мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың қызметкерлері сенбілікке шығып, Абай, Ж.Қуанышбаев, Б.Момышұлы, Құрманәлі көшелерінің ауылдың шет жағындағы бөліктерін тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Өкінішке орай, жерлестеріміздің ортақ мекеніміздің тазалығына салғырттық танытуының салдарынан ауылымыздың айналасы, тіпті ауыл ішіндегі кейбір жерлер белгіленбеген қоқыс төгу орнына айналып барады. Жерлестеріміз деуім, басқа ауылдың немесе басқа қаланың тұрғындары үйінен шыққан қоқысты біздің Мойынқұмға әкеліп тастамайтыны анық. Бұдан да өкінішті жағдай, алдын ала әлеуметтік желілер арқылы ауылдың тазалық жұмыстарына шақырдым, жерлестеріміздің басым бөлігі сенбілік жайлы хабардар болды. Дегенмен мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлерінен басқа ауыл тұрғындарынан ешкім белсенділік танытпады.
Қазіргі кездегі үлкен проблема – ол айналаны қоқыс басу қаупі. Сол үлкен проблеманы өз қолымызбен жасап отырғанымыз – жалпы халық мәдениетінің төмендігінің көрінісі емес пе? Бүгінгі күнмен өмір сүре берсек, ертеңгі ұрпаққа қоқыс басқан дала тастап кетпейміз бе? Осыны дұрыстап ойланатын кез келді, қарапайым қоқысымызды тазарта алмасақ бала-шағамызға қандай тәрбие береміз?
Барлық тұрғынның арнайы қоқыс төгетін орынға жете алатын жағдайы бар дей алмаймын. Дегенмен арнайы қоқыс төгу орнына жеткізетін мүмкіндік болмаса да, есік алдында сол қоқыстарды өртеу арқылы жоюға болады ғой. Осы жағын да қарастырсаңыздар екен, құрметті жерлестер!