Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов Кеңес, Бірлік, Биназар ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының №826 Жарлығына сәйкес өткен кездесулерге ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов аудан аумағында атқарылып жатқан және атқарылуға тиісті ауқымды жұмыстар жөнінде айтып берді. Айдарлы ауылында өткен кездесуде «Дихан» шаруа қожалығының жетекшісі Б.Қозиев егін суына келісімшартқа отыру, арзандатылған дизель отыны мен кенені жоюға байланысты, ауыл тұрғыны Г.Рысқұлова ауыл тазалығы, арықтарды тазалау, зейнеткер Б.Жошыбаев 2020 жылы пайдалануға берілген кіші футбол алаңы қоршауының құлағалы тұрған тіреу бағаналарын жөндеуге қаржы қарастыру, су құбырының күзетшісі А.Төленов су мұнарасын жөндеу болмаса қайта салу жайын қозғады. Ал «Мойынқұм құс» фермасының меңгерушісі Е.Белгібаев балапанды 400 теңгеден, жұмыртқаны 30 бен 100 теңге аралығында сатылымға шығарылғанын, кірпіш зауытын іске қосатындығын айтты.
Бірлік ауылындағы кездесу жиыны округ әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Мұнда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Иманалиев Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебіндегі жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталса, пошта ғимараты жөнделсе деген ұсынысын айтты. Ал зейнеткер Д.Молдабаев ауылдық дәрігерлік амбулаторияға жаңа көлік берілсе, Желтоқсан клубына LED экран қондырғысы орнатылса деген тілегін жеткізді.
Ауыл тұрғындары Көшербай Дәметов, Қанат Төлендиев, Айнұр Баялиева әр жылдары мектеп бітірген жастардың ауылдарға жасап жатқан игі істері жинақталып, аудандық газетке мақала ретінде жарияланса деген ұсыныстарын жеткізді.
Биназар ауылындағы кездесу жиынына келген халқының қарасы көп болды. Кездесу жиынында ауыл тұрғыны Б.Әбішев ауыл клубына LED экран орнатылса, О.Жандосов атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын айтса, зейнеткер А.Зейнәділова көшелердегі жасы жеткен қарағаштар балақталса, ауылдық фельдшерлік амбулатория сенбі, жексенбі күндері ақылы қызмет көрсетсе сонда ем алып жатқан ауыл тұрғындарының алып жүрген емі үзілмейтін еді деген ойын жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов кездесу жиындарында қойылған барлық сауалдарға рет-ретімен жауап беріп, жауапты басшыларға мәселелерді басты назарда ұстап, көтерілген ұсыныстарды қаперге алып, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.