Мойынқұм таңы

Отан қорғаушылар күні аталып өтілді

0 28

Отан қорғаушылар күні – бұл 7 мамырда атап өтілетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі. Бұл күнді атап өту дәстүрі 1992 жылы Президент өз армиясын құрудан тұратын заңға қол қойған кезден басталды. Бүгінгі күні 7 мамыр Қазақстанның барлық тұрғындары үшін ресми түрде демалыс күні болып табылатын мемлекеттік мереке. 7 мамыр – тәуелсіз елдің қорғаныс қабілеті бар екенін көрсететін мереке.

Осы аптада аудандық мәдениет үйінде Отан қорғаушылар күніне арналған «Ерлер – жердің қорғаны, елдің тұтқасы» атты тақырыпта салтанатты жиын өтті. Оған аудан тұрғындары қатысты.
Жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Орынбетұлы Төлегенов мерекеге арналған жылы лебізін білдірді.

–Бұл күн әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің – нышаны, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың – өлшемі болары анық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ел қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылды. Еліміздің шекарасы белгіленіп, қарулы күштеріміз құрылды. Халқымыз «Ер – елінің қорғаны» десе, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген сөздері ел намысын өз тағдырынан әрқашан жоғары қойды.

Киелі Мойынқұм өңірі талай батырлар мен оғландардың Отаны болғаны баршаға аян. Бүгінгі мерейлі мерекеде бар өмірін әскери қызметке арнап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сарбаздарымызға алғысымызды білдіреміз.

Қазірде тәуелсіз еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда, көк аспан түстес бай­рағымыздың түбінде тұрып шекарамызды күзетіп жүрген айбынды әскерлеріміз – жауынгер ұрпақтың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, антына адал қызмет атқаруда деп бірқатар аза­маттарды, ауыл, ауылдық округ әкімшіліктерін, мекемелерді, білім ошақтарын, белсенді аза­маттарды медальдар, аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапаттады.

Содан соң аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Ұзақұлы Саурықов сөз алып, жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, бір топ азаматтарға ауданның Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков пен биназарлық еңбек ардагері Болатбек Әбішевке 75 жасқа толуына орай аудан әкімінің құттықтау хаты мен сыйлығы тапсырылды.

Содан соң аудандық мәдениет үйінің әншілері Ақжан Мәмбеталиев «Қазақ жігіттері», Назгүл Нұрғалиқызы «Сарбаздар», әншілер тобы «Туған ел» әндерін тамылжыта орындап, бишілер тобы «Өзбек биін» билеп, Ержан Омаров пен оның шәкірті Мақсұт Нұрым «Адай» күйін орындап, жиынға қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.