Биназар ауылдық клубында «Өмірді өлеңмен өрнектеп» атты тақырыбында ауданымыздың төл перзенті, ақын-сазгер Болатбек Әбішевтің 75 жас мерейтойына арналған поэзиялық жыр-кеші өтті.
Ақынның өмірі және шығармашылығымен танысып, бүгінгі жас ұрпақ та үлгі-өнеге тұтып, отты жырлары арқылы болашақта есті азамат болып қалыптасуына ықпал ету мақсатында өткен іс-шарада Болатбек Әбішевке арналған слайд, ақынның шығармасы мен өміріне арналған шағын көрме көрермен назарына ұсынылды.
Кеш барысында О.Жандосов атындағы орта мектебінің 5-11 сынып оқушылары ақынның іліміне тереңірек бойлап, оның сыршыл поэзиясының туындыларын орындады.
Келесі кезекте ақынның жазған кітаптары, өлеңдері, жалпы ақынның шығармашылығы туралы бір ауыз сөз айтып өтемін деген кісілерге ортаға микрофон қойылды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева, аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры Ғалия Шубаевалар мерейтой иесіне өздерінің ізгі-ниет тілектерін білдіре келе, арнайы сыйлықтарын табыс етті. Сондай-ақ ауданның Құрметті азаматтары Айман Зенәділова, Назымхан Тайлақбаев, зейнеткер Гүлжаһан Дүйсекешова, ұстаз Гүлнұр Тәйкеева және Қанат, Жанат Жапарұлдары мен тағы басқа да ауыл тұрғындары сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін айтып, Болатбек ағаға шапан жауып, сый-сияпат жасады.
Болатбек Әбішев 1949 жылы 7 мамырда қазіргі Бірлік ауылында (бұрынғы Көктерек) дүниеге келген. 1966 жылы қазіргі Қайрат Рысқұлбеков (бұрынғы Киров) атындағы орта мектепті бітірген соң, Алматы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, агроном-экономист мамандығын алып шығады.
Алғаш еңбек жолын №62 Бірлік кәсіптік училищесінде тәрбиеші болып бастайды (қазіргі №8 Мойынқұм колледжі). Аудандық комсомол комитетінде, ауаткомда, жауапты қызметтер атқарса, Құмөзек ауылдық кеңесінің төрағасы, сол ауылдағы «Өнерпаз» ансамблінің құрылуының қолдаушысы болады. Хантау ауылында егістік бригадирі, «Ақбақай» тау — кен комбинатында күзет бөлімінде еңбек етті. 1982 жылдан бастап Биназар ауылының тұрғыны болған Болатбек аға өз шығармашылығын жалғастыруда. Осы күнге дейін «Өмір – дария, өмір – өзен», «Қозғалтсаңшы кеудемнің бір жартасын», «Шөкім бұлт», «Ой керуен» атты 4 кітабы жарық көрді.
Кеш соңында Б.Әбішев өзінің шығармашылығы жайлы ой толғап, бірнеше жүрекжарды туындыларын орындады. Поэзия тынысын өзінше кеңейткен, жаңа леп, жаңа үн қосқан, сонымен соқпақ салған, өзінше өрнек ойған ақынның таудай тұлғаға айналдырған оңаша ойлары да сөздің қадір-қасиетін түсінетін қалың қазақ үшін күн нұрындай жүрекке сәуле сыйлай білді.