Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегеновтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлімдері мен оларға қарасты мекемелер, ауылдық округ, ауыл әкімдері толық қатысты. Жиынның күн тәртібінде «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жұмыстар туралы», «Баспасөз басылымдарына жазылу жұмыстарының орындалуы туралы», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстарының барысы туралы», «2024 жылға көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының барысы туралы» мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімінің аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің бас инспекторы Дулат Алтамашев баяндады.
— Аудан бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан 14 елді мекенге (Айдарлы, Бірлік, Биназар, А.Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек, Ұланбел және кіші Қамқалы) кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына 12127,7 мың теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда кене шағып тіркелгендер саны 12 адам. Оның ішінде 14 жасқа дейінгілер 12, Мойынқұм ауылынан 9 жағдай, Жамбыл ауылынан 2 жағдай және Қияқты стансасынан 1 жағдай. Тіркелгендердің ішінде клиникалық белгісі байқалып, ауруға күдіктілер болғаны 1 жағдай. Тіркелген жағдайдың зертханалық қорытындысы теріс мәнді болғандықтан, «Листериоз» диагнозына ауыстырылды. 14 күн дәрігерлік бақылауда тұрғандар саны 3 жағдай.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақтану және оның алдын алу туралы тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 63 қабырға газеті шығарылды, 376 үнпарақ таратылды, 24 дәріс оқылды, «Мойынқұм таңы» аудандық газетіне мақалалар берілді, әлеуметтік желілерде 4 мақала жарияланды, 1 инструктаж, 1 семинарлық сабақ өткізілді, 17 бейнеролик көрсетілді, 5 дөңгелек үстел, 300 сауалнама, 11 ауылдың тұрғындарымен кездесу жүргізілді. Мойынқұм, Айдарлы, Ұланбел және Қарабөгет ауылдық округтеріне билбордтар берілді.
Баяндамаға қосымша Мойынқұм, Қылышбай ауылдық округтерінің әкімдері Рүстем Тұрарқұл мен Бәкір Исабековтер ауылдық округтер бойынша атқарылған шаралар жайында айтып өтті.
Келесі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев басылымдарға жазылу бойынша жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілу барысы жайлы қысқаша айтып өтті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадина Ещанова баяндама жасады.
— Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы Мойынқұм аудандық орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыннына тіркелген халық саны 25 433 адам болса, оның ішінде: сақтандырылмаған азаматтар саны 4 413-ті құрап отыр. Оның ішінде 950 азамат басқа қала, аудан, облыста медициналық мекемелерде тіркелген сақтандырылмаған азамат анықталды. Бүгінгі таңға бөлім тарапынан аудан бойынша сақтандырылмаған халықтың әл-ауқатының деңгейіне талдау жұмыстарын жүргізіп, әр ауыл, ауылдық округ кескінінде сақтандырылмаған азамттардың тегі, аты-жөнімен ауылдық округтерге жолданды. Ауданның әр елді мекенінде халықты МӘМС жүйесімен қамтуды ұлғайту мақсатында ұйымдасқан түрде көшелерді аралау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және де ауыл тұрғындарымен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған, ауданда Е-санаты бойынша, үй аралау нәтижесінде мәртебесі анықталған 238 сақтандырылмаған азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларға тарту мақсатында ауыл, ауылдық округ әкімдеріне тізімдері жолданды, деді ол.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе, 2024 жылғы көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының барысы туралы аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары, капитан Айдархан Сарсембеков баяндады.
Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінен келіп түскен 2024 жылғы көктемгі мерзімді әскерге шақыру бойынша ҚР ШҚ, ҚР ҚК жасағы- 43. Жалпы Мойынқұм ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бойынша бүгінгі таңға 28 әскерге шақырылушы мерзімді әскери қызметке жіберілді, -деді Айдархан Шәріпбекұлы.
Жиын соңында жоғарыда айтылған мәселелер бойынша аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Орынбетұлының тарапынан қосымша тапсырмалар берілді.