Мойынқұм таңы

Рәміздер күні ұлықталды

0 35

4 маусым – Қазақстан Республикасының мем­лекеттік Рәміздер күніне орай аудан көлемінде бірқатар іс-шаралар тізбегі орын алды. Осыған орай сейсенбі күні Мойынқұм ауылындағы №23 Спорт кешенінен бастау алған жүгіру марафоны «Абылайхан» орталық алаңына дейін жалғасты.

Іс-шарада алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегенов марафоншыларға сәттілік тілеп, айтулы мерекемен құттықтады.
Марафон аудан жастарын патриотизмге, батылдыққа және отансүйгіштік сезімін ояту мақсатында орталық алаңдағы «Патриотизм дауысы» атты тақырыптағы сазды бағдарламаға ұласты.

Іс-шарада еліміздің Туы салтанатты түрде көтеріліп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны орындалды.

Мерекелік жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегенов:

— Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс.

Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұранын жатқа білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз. Мемлекеттік рәміздер ретінде Ту мен елтаңба — егемендік және тәуелсіздік идеяларының нақты заттық белгілері. Әнұран — осы ізгі ұғымдардың бірден-бір рухани жаршысы – деп, жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Бұдан кейін Сәбит Орынбетұлы марафоннан 1-орынға ие болған Жалғас Құдайбергенді (№23 БЖСМ), 2-орын еншілеген Парасат Томарбай (Т.Рысқұлов тірек мектебі), 3-орынды иеленген Айбек Сатыбалдыларды (№23 БЖСМ) марапаттап, кубок, медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Аталмыш шараға аудан басшылары, белсенді жастар, мекеме, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Бұл күн бәріміз үшін азаматтық келісім мен ұлттық бірліктің, елдің бүгіні мен болашағы үшін ортақ жауапкершіліктің мерекесі болды. Жиын соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекенің көркін қыздырды.