Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегеновтің 03. 6. 2024 жылғы №83 ө өкімімен Қарабөгет ауылдық округінің әкімі болып Бағдат Сатыбалдиев тағайындалды.
Сейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев халық сайлауы нәтижесінде сайланған Қарабөгет ауылдық округінің әкімі Сатыбалдиев Бағдат Әшімханұлының өмірбаянын, еңбек жолын ауылдық округ әкімшілігі аппаратының қызметкерлеріне таныстырып, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Сонымен қатар ауыл бейнесін мейлінше жақсарту бағытындағы жұмыстарды ұтымды ұйымдастырып, ел бірлігі мен тұрақтылықты басты назарға алуын тапсырды. Бұл жұмыстар қоғамдық ұйымдар мен көше қауымдастығының мүшелері, жастар мен депутаттардың көмегімен жүзеге асатынына сенім білдіріп, округ аппараты қызметкерлерін нағыз ұжым болып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Өз кезегінде сөз алған ауылдық округ әкімі Бағдат Әшімханұлы өзіне берілген жауапкершілікті сезіне отырып, ауылды көркейтуге барынша күш жұмсайтынын жеткізді.