Мойынқұм таңы

Ескерткіш маңы тазаланды

0 28

«Ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Ендеше, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті де көрікті болуы ауыл тұрғындарының жанашырлығына тікелей байланысты.  Өйткені, тазалық пен тәртіп кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындар мәдениеттілігінің өлшемі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекіткен «Таза Қазақстан» атты республикалық экологиялық акциясы аясында аудан орталығы Мойынқұм ауылының кіре берісінде орналасқан «Керей мен Жәнібек» ескерткішінің маңы мен заманауи үлгіде, сәні жарасқан «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» жазуының айналасындағы қоқыстар тап-тұйнақтай тазартылып, шөптер шабылып, ауыл ажары ашыла түсті.

Аудан орталығында жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары, спортшылар мен жастар біркісідей жұмылып, тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Тазалықты жанына серік еткен мойынқұмдықтар бұл жолы білек сыбана белсене атсалысты.

Жалпы атқарылған жұмыстардың көлемі 100 шаршы метр ауланы тазалау, ескерткіш маңындағы ағаш және бағаналарды әктеу, сырлау жұмыстарынан тұрды.

Акция барысында 25 ағаш, 15 бағана әктеліп, сырланды.