Мойынқұм таңы

«Алтын белгі» иегерлеріне аттестат тапсырылды

0 32

Күні кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегенов 11 жыл бойы мектеп қабырғасында білім алып, жоғары көрсеткішке жетіп, алтын белгі сенімін ақтаған түлектеріміз бен сол түлектердің бойына білім нәрін сусындатқан ұстаздар қауымына құрмет көрсетті.

Алдымен сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев: «Білім бәсекесінде ұстаздарымыздың талай жылғы төккен тері, еткен еңбегі ауданымыздың абыройы екені түсінікті. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп түлектерін, оның ішінде алтын белгі иегерлерін шын жүректен құттықтаймын» — дей келе аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегеновке сөз берді.

Сәбит Орынбетұлы «Шынында біздің түлектеріміздің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, үздіктер сапынан көрінуі ұстаздарымыздың еңбегімен тығыз байланысты. Құрметті алтын белгі иегерлері, сіздерді ауданымызға адал қызмет ететін болашақ білікті маман иесі атанатындарыңызға зор сенім артамын» — деп, білім ордасын үздік бітірген түлектерге «Алтын белгі» мен «Үздік аттестаттарын» табыстады.

Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын белгі» төсбелгісін Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясынан Нұрайым Болат, Ұлпан Есенқұл, Асылжан Күнтубай, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінен Индира Бәкенқызы, О.Жандосов атындағы орта мектебінен Мөлдір Айғали, Аяжан Дарипова, Абай атындағы орта мектебінен Әдемі Лесқұл, К.Қасымов атындағы орта мектебінен Диляра Сүлейменова иеленді.

Қабылдау соңында ата-аналар нұрлы жолға қадам басқан түлектерге ақжолтай тілегін, білдірді. Түлектерді ел игілігіне қызмет етуге шақырып, олармен естелік суреттерге түсті.