Мойынқұм таңы

Әдеби-сазды кеш өтті

0 19

Әлем халықтарының тілі мен мәдениетінің сан түрлі ахуалын қолдау мақсатында жыл сайын Халықаралық ана тілі күні – 21 ақпанда атап өтілуде.

Мақсаты – әлем халықтары тіл­дерінің өзіндік даралық ерекшелігін, қарым-қатынастық, мәдени қолданысы мен ықпалын қалыпты ұстау, көптілділік ахуалды сақтау деп белгіленген.

Ана тілін сүю, бесіктегі сәбиінің құлағына ана тілінің таныс үнін сіңіру, ана тілінде тілдесу арқылы ұлтының өткені мен бүгінін өскелең ұрпағының санасына сіңіру – бүгінгі қазақтың ата-аналық парызы. Иә, бұл үдеден барлығымыз бірдей шыға беріп жүрген де жоқ шығармыз. Бірақ ертеңгі күн – бүгінгі күннен жақсы болар деген үмітіміз жоқ емес.

Айтулы күнге орай аудандық орталық кітапхананың коворкинг орталығында «Ана тілім –айбыным» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Іс-шараны кітапхана директоры Ғалия Шубаева ашып, айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Өнер және қосымша білім беру мектебінің «Тіл дамыту» үйірмесінің тәрбиеленушілері Нұрлыбек Керімбек, Әли Рахым Марат, Ақниет Панарбек, Ақсезім Панарбек, Жансая Мырзағали «Үйрен ана тіліңді», «Үш бақытым», «Ана тілі», «Қазақ тілі» тәрізді өлеңдерін нақышына келтіре орындады. Жетекшісі Гүлсім Тастанбекова.

Жамбыл атындағы мектеп-гимназия­сының 5 «ә» сынып оқушысы Аруна Ерлан­қызы «Анамның тілі», «Қазағым» әнін орындап, көрермен көзайымына айналды.

М.Жұмабаев атындағы мектеп-ли­цейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Толқын Тілеулиева: «Қай халықтың болса да, тіпті әлемдік мәдениеттің аса зор алыптарының өмірлеріне көз жүгіртсек, олардың ана тіліне деген мәңгілік махаббатының сақталу себебі – тілдері шықпай тұрған кезден бастап, әжелерінен халық ауыз әдебиетінің шұрайлы түрлерін естіп, содан тәлім алып өскенін білеміз. Кімнің қанша тіл білуі өз ықтиярында, бұл әркімнің қабілетінде, қоршаған ортасына байланысты. Ал Отаны болып кеткен Республиканың атымен аталған халық тіліне құрмет, ілтипаттылық аса қажет. Ол үшін жас ұрпақтың төл ана тілін жетік меңгеріп, қазақша ойлауға қалыптасуын жетілдіріп, қатесіз жазуын, сөйлеспелі сөзде мүдірмеуін қадағалап, өзінің ана тілін ардақтайтын халге жеткізу қажет» дей келе, жиналған көпшілікті Халықаралық ана тілі күнімен құттықтады.