Мойынқұм таңы

АЭС – энергия көзі

0 27

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атом электр станциясын салуға қатысты халық таңдауын жасауы үшін референдум өткізуді тапсырған болатын. Осыған орай Саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері біріккен Халықтық штаб елді мекендерде Атом электр станциясын (АЭС) салуды қолдау бойынша халықпен жүздесуде. Жұмыстың негізгі мақсаты — энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуде АЭС салудың маңызын халыққа жеткізу, халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап беру.

Өткен жұма күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Ерболат Саурықов Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында аудандық мәдениет үйінде жергілікті халықпен жүздесті.

Кездесуде Ерболат Байұзақұлы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған бірнеше бағыттар мен мәселелерге тоқталды.

-Бұған дейінгі Президенттің халыққа арнаған Жолдауларынан халық қандай әлеуметтік қолдаулар болатынын, зейнетақы, жәрдемақылардың қаншалықты кө­бейетіні айтылатын. Бұл жолғы Жолдау заң, тәртіп, экономика тұрғысына басымдық берілуімен ерекше болды. АЭС салу туралы Президент мамандарға терең зерттеуді бұдан бұрын тапсырып, осы мәселені халықтың алдына қойды. Бұл да халық үніне құлақ асатын мемлекет екенінің көрінісі. Осыған байланысты ел ішніде атом электр станциясының зардаптары болатыны, орналасқан жеріндегі көлдің суы тартылып кетпей ме деген сұрақтар туындады. Оның бәрі де мамандардың зерттеуімен қарастырылып, АЭС барлық қауіп-қатердің алдын алатындай, жетілген технологиялармен салынатыны түсіндіріліп жатыр, – деді Ерболат Саурықов.

Кездесуге қатысқан облыстық мәслихат депутаты Алтай Райқұлов, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, «АМАNАТ» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаевтар еліміздің экономикасына үлкен серпіліс бергелі тұрған АЭС-ті салудың маңыздылығы туралы айтып, энергетикалық тәуелсіздік болмай, ел тәуелсіздігі тұғырының бекімейтінін айтты.

Кездесуде аудандық мәслихаттың депутаты Бекболат Өткелбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, мемлекеттік қызметкер Бақыт Әлімбетов, ауданның Төбе биі Жамбыл Қалыбаев, қоғам белсендісі, жеке кәсіпкер Бәкен Бейсебаевтар АЭС-тің зияны, жайылымдық жер, жолдың сапалы жөнделуі қадағаланса деген тәрізді сұрақтарына тыңғылықты жауап алды.