Мойынқұм таңы

Әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым – басты назарда

0 7

Осы аптада «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Бейсенқұлов Дауыл Ынтықбайұлы арнайы іссапармен ауданға келіп, жергілікті тұрғындармен және партия белсенділерімен кездесті.

Жиында ауылдардағы инфра­құ­ры­лым­дық және әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, нақты ұсыныстар айтылды. Партия белсенділерімен өткен актив жиналысында ол партияның мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, ауылды дамыту және әрбір тұрғынның мәселесін партия назарынан тыс қалдырмау. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Кездесу барысында ауданның бірнеше ауылдық мектебін күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі де көтерілді. Сондай-ақ, Хантау ауылындағы электр желілерінің тозуы мен ауыз су мәселесі тұрғындардың тіршілігіне елеулі қиындық туғызып отырғаны да назарға алынды. Ал Шығанақ ауылындағы амбулатория ғимаратына қосымша төсек орын қажет екені айтылды. Бұл – ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арт­тыруға бағытталған маңызды мәселе.
Сапар барысында Дауыл Ынтықбайұлы қоғамдық қабылдау жасап, аудан орталығы мен шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдауда елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың жағдайы, жол қауіпсіздігі, инфрақұрылым мен білім беру саласындағы түйткілдер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, «Меркі–Шу–Бурылбайтал» автожолының Бірлік және Айдарлы ауылдары тұсында малдың жолға шығуынан жиі жол-көлік оқиғалары орын алатыны айтылды. Бұл мәселені шешу үшін жол бойында қоршау орнатып, қауіпсіздік шараларын күшейту ұсынылды.

Сапар соңында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясындағы ны­сандарды аралап, қазіргі жай-күйімен танысты.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Айдарлы ауылында 90 орындық жаңа Мәдениет үйінің құ­ры­лысы аяқталып келеді. Бұл – Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы ауылдық Мәдениет үйі. Нысанның ерекшелігі – оның құрамында ауылдық кітапхана да орналаспақ. Жаңа мәдениет ордасы ауыл тұрғындарына шығармашылық және рухани даму үшін зор мүмкіндік бермек.
Мәдениет үйінің ашылуы Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл – ауыл халқы үшін үлкен қуаныш әрі ел Тәуелсіздігінің жетістігін айшықтайтын маңызды оқиға.

Жаңа мәдениет үйінің ашылуы – ауыл өмірінің жаңа белесі. Бұл нысан арқылы ауыл жастары мен тұрғындары мәдени іс-шаралар өткізіп, өнер мен әдебиетке жақындай түседі. Мұнда түрлі үйірмелер мен шығармашылық клубтар ашылып, ауылдың мәдени өмірі жанданады деп күтілуде. Мойынқұмдықтар үшін бұл жаңалық ерекше қуаныш. Себебі, соңғы он жылдықтарда аудан орталығы мен ауылдарда жаңа мәдени нысандар бой көтермеген еді. Енді бұл бастама өзге елді мекендерге де үлгі болмақ.

Бұл сапар – партия мен халық ара­сындағы байланыстың нақты көрінісі. «AMANAT» партиясының бастамалары тек қағаз жүзінде емес, нақты іспен дәлелденіп келеді. Айдарлы ауылында бой көтерген жаңа мәдениет үйі – осының айғағы.

Республика күні қарсаңында пай­далануға берілетін бұл нысан – Тәуелсіз Қазақстанның рухани дамуы мен ауыл өркендеуінің нақты жемісі болмақ.