Мойынқұм таңы

Әлеуметтік жобалардың орындалу барысы депутаттар назарында

0 1

Аудандағы еңбек нарығын нығайтуға бағытталған жұмыстарды бақылау мақсатында облыстық мәс­лихаттың аппарат жетекшісі Рүстем Айдынбеков пен бас инспектор Сейіт Календеров, облыстық маслихаттың депутатары Бақытжан Қалымбетов және Нұржан Адилов арнайы іссапармен келді. Де­легацияның басты мақсаты – 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасының аудан деңгейінде орындалу барысын зерделеу және нақты қолдау шараларының нәтижесін өз көздерімен көру болды.

Сапар барысында депутаттар аудандық Мансап орталығының жұмысымен танысып, халықты жұмыспен қамту бағытындағы негізгі көрсеткіштерді тыңдады. Орталық мамандары бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің өткізілуі, кәсіптік оқыту бағдарламаларының іске асуы, жұмыссыз азаматтарға көрсетілетін сервистік қызметтер және әлеуметтік жобалардың орындалу барысы туралы толық ақпарат берді. Сонымен қатар, жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мен ау­дандағы еңбек ресурстарын пайдалану деңгейіне тоқталды.

Мансап орталығынан «Жаңа бизнес идеяларды іске асыру» жобасы аясында қайтарымсыз грант алған азаматтардың жұмысы да ерекше назарға алынды. Делегация қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін бастаған тұрғындардың жұмысымен де жақын танысты. Алдымен жиһаз жасайтын шағын цех иесінің үйіне барып, оның қолөнерге негізделген кәсіп жүргізу тетіктерін, құрал-жабдықтарын және дайын өнімдерін көрді. Ағаш ұстасы Ерік Асанұлы гранттың көмегімен шеберханасын кеңейтіп, тұрмысқа қажетті түрлі ағаш бұйымдарын дайындауды жолға қойған. Шеберхананың дамуына берілген гранттың нақты үлесі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы ерекше назарға алынды.

Келесі нысан – баннер және жарнама өнімдерін дайындаумен айналысатын азаматтың жұмыс орны болды. Ернұр Жайлауұлы баннер және жарнама өнімдерін дайындауға қажетті станок алып, ауданішілік сұранысты қамтамасыз етіп келеді. Депутаттар оның заманауи құралдарымен, баспа жабдықтарымен және тапсырыс қабылдау үдерісімен танысып, кәсіптің жергілікті нарықтағы сұранысына баға берді. Мұндай шағын бизнес түрлерінің аудандағы экономикалық белсенділікті арттыруға ықпалы ерекше атап өтілді.

Ауданға нағыз керекті істі жөңгелетіп отырған кәсіпкердің бірі–Жанар Ерғабылқызы, ол балаларды дамыту және қосымша білім беру бағытында оқу орталығын ашып, ауыл жастарына жаңа мүмкіндік ұсынып отыр. Бұл азаматтардың бастамалары еңбек нарығына жаңа серпін беріп қана қоймай, жергілікті қоғамда кәсіпкерліктің дамуына үлгі болуда. Қолдау алған кәсіпкерлердің әрқайсысымен жеке диалог жүргізіліп, олардың болашақ жоспарлары тыңдалды. Депутаттар кәсібін жаңа деңгейге шығарғысы келетін азаматтарға қосымша қолдау бағыттарын қарастыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсету, оқыту курстарын кеңейту және жаңа жабдықтар алуға көмектесу мәселелері де сөз болды.

Бұл сапар Мойынқұм ауданында еңбек нарығының жүйелі түрде дамып жатқанын көрсетті. Депутаттар нақты жобалардың тиімділігіне көз жеткізіп, тұр­ғындардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейтудегі мемлекеттік қолдаудың рөлін жоғары бағалады. Ал аудан басшылығы алдағы уақытта да жұмыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған шараларды жалғастыратынын атап өтті.

Еңбек нарығын дамытуға бағытталған мұндай кездесулер өңір тұрғындары үшін жаңа серпін беріп, кәсіпкерлік белсенділікті одан әрі жандандыруға ықпал етпек.