Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында биылғы алғашқы қоңырау салтанаты ерекше форматта өтті. Жиынға биыл мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндер мен мектеп бітіретін жас түлектер, ұстаздар, ата-аналар қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған мектеп-гимназияның директоры Жаңыл Әшірімбетова жиналған қауымды Білім күнімен құттықтап, мектеп-гимназияның өткен оқу жылындағы толағай табыстарымен таныстырып өтті.
–Мектебімізде 34 зерттеуші, 23 сарапшы, 40 модератор ұстаз еңбек етуде. Өткен оқу жылын 40 оқушы аяқтаса, оның үшеуі «Алтын белгі», төртеуі «Үздік атестат» иегері атанды. ҰБТ нәтижесі бойынша орташа балл 68 балды құрады. 43 оқушының 28-і мемлекеттік білім грантын жеңіп алды. Ал 14 оқушы ақылы негізде оқуға түсті.
Биыл мектеп табалдырығын 62 бүлдіршін аттап отыр. «Туған жер», «Жомарт түлек» жобасы аясында, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған Төлегенова Нұрбала Қожахметқызының атындағы пән кабинеті ашылады. Кабинет заман талабына сай жабдықталған дей келе жаңа оқу жылы, білім күнімен құттықтады.Содан соң ауданның төбе биі Жамбыл Қалыбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Қанат Көшербаев өздерінің жүрек жарды лебіздерін білдірді.
Жиында мектеп оқушылары Айбибі Тұрғынбай, Мирас Маратхан «оқып білім аламыз», «оқуда озат боламын» әндерін тамылжыта орындады. Ал 11-сынып оқушылары Жәнерке Абай мен Іңкәр Матжан ақ жарма тілегін айтты.
Жиын соңында алғашқы қоңырау күмбірлете соғылып, жиынға қатысушылар Төлегенова Нұрбала Қожахметқызына арналған кабинеттің ашылуына куә болды.
* * *
Жаңа оқу жылы қарсаңында Бірлік ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. Ескі ғимарат болғандықтан, мектепке күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары аяқталып, күні кеше қолданысқа берілді.
Аталмыш мектепте 1 қыркүйек – Білім күніне орай «Мектебім-мейірім мекені» атты тақырыпта алғашқы қоңырау салтанатты жиыны өтті.
Мектеп алаңы мерекеге сай безендіріліп, көңілді әуен ойнатылып тұрды. Әр сыныптың оқушылары өз сынып жетекшілерімен сап түзеді. 1-сыныпқа қадам басқан оқушылар мен 11-сыныптың үздік оқушылары Әсел Дәулет, Альжана Мағзұм, Нұрлыайым Дәурен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімін өткізген соң, ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалды.
Жиынның ашылуында сөз алған мектеп директоры Абзал Сәлібеков ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, мектептің жеткен жетістіктеріне тоқталды. Бұдан кейін Бірлік ауылдық округінің әкімі Оспанов Қуаныш Мәлібекұлы, Бірлік ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Иманалиев Мұратхан Тоғайұлы, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Өмірбеков Дәурен Рашидұлы құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға ізгі тілектерін жеткізді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев жаңа, жарық, кең мектепте оқитын оқушыларды Білім күнімен құттықтап, бұл мерекенің әрбір адамның өмірінде алар орны ерекше екенін тілге тиек етті. Әсіресе, мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған балалардың жүрегінде бүгінгі күн мәңгіге сақталатынын айтып, жаңа оқу жылында барлық оқушыларға табандылық пен жігер және оқуда үздік болуларына, ал ұстаздар қауымына зор денсаулық, жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбектері әркез жемісті бола беруіне тілегін білдірді.
Бұдан кейін оқушылар «Ұстазым», «Мың алғыс саған ұстазым» әндерін тамылжыта орындады. Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу мәртебесі 11-сынып оқушылары Ұлжан Жәнгірхан, Айым Серікбай, Айдана Асқар және 1-сынып оқушылары Арнұр Төлеген, Нұрикамал Болат, Әлижан Жанболатқа берілді. Ата аналар комитетінің төрайымы Көпбаева Эльмира Жұмабекқызы мектепті заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткізген аудан басшылығына алғысын айтты.
* * *
1 қыркүйек – білім күніне орай Айдарлы ауылындағы Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Мойынқұм ауданының білім бөлімінің № 2 орта мектебінде де «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты алғашқы қоңырау рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге 1, 11-сынып оқушылары, ата-аналар жиналып, аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Айбат Байқонысов, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Гүлнар Райымбекова, Кеңес ауылдық округінің әкімі Әділет Мұқашев арнайы қонақ болып қатысты.
Қонақтар мен мектеп директоры Фарида Сыздықова және оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Сайраш Нұрбаева мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер мен тарыдай болып кіріп, бүгінде таудай болып мектептегі соңғы сыныбына аяқ басқан 11-сынып оқушыларына ақжарма тілектерін жеткізіп, жаңа оқу жылы жағымды жаңалыққа толы болуын тіледі.
1-сынып оқушыларының дайындаған әдеби монтажы мен 1-сынып оқушылары Арнат Архабай мен Фариза Мараттың орындаған «Біз мектепке барамыз», «Мектеп үйретеді» әндері жиналғандардың көңілін серпілтіп тастады.
Мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді білім әлеміне жетелейтін ұстаздар осы білім ордасының білікті ұстаздары Айгүл Нұралбек пен Айгүл Есілбаева.
1 «Б» сыныбының ата-аналары Айнұр Арданова мен Мадина Арғынбай балаларының жаңадан күрделі жөндеуден өткен мектепте оқитынына қуанышты екенін жеткізіп, мектептің күрделі жөндеуден өтуіне себепкер болған жандарға алғыстарын білдірді.
Жаңа оқу жылында айдарлылық ұстаздар мен оқушыларға жемісті жұмыстар, жаңа жетістіктер, сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру жолында шығармашылық табыстар тілейміз!