Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, «Ана – өмір шуағы» атты салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиынға тыңғылықты дайындық мәдениет үйіне кіре берістен-ақ байқалып тұрды. Онда тақырыпқа сай безендірілген, баспалдақта оқушылардан қойылған дәліз әрбір әйел затын қошеметпен концерт залына дейін шығарып салып отырды.
Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің орындауындағы тақырыптық монологпен басталып, артынан «Қазына» би тобының «Гүлдер вальсі» биі жиналғандарға керемет көңіл-күй сыйлады.
Алғашқы мерекелік құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиевке берілді. Құттықтаудан кейін бірқатар азаматшаларға түрлі марапаттар табыстады.
Атап айтар болсақ, М.Әуезов атындағы орта мектебінің ағылшын пәні мұғалімі Қасиет Маниева мен Аула клубы директорының орынбасары Алтын Алишева Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталса, еңбек ардагері Ұртбала Біттібаева «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. «Балбөбек» бөбекжай бақшасының бас аспазы Майя Байболова мен аудандық пошта байланыс торабының орталық операциялық участок бастығы Зәмзәгүл Сағынаева Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің қызметкері Жұмакүл Шайжанова Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен маратпатталды.
Сонымен қатар еңбек ардагері Дариға Мейірманова, аудандық орталық ауруханасының қызметкері Назгүл Бейсенбаева, Ұланбел ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің фельдшері Ғалия Балабековалар «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Келесі кезекте құттықтау сөз аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықовқа берілді. Нұртас Ұзақұлы да құттықтаудан кейін 11 баланың анасы, батыр ана Айымкүл Үйрекбаева бастаған бірқатар азаматшаларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады.
Салтанатты жиын соңы әуезді кешке айналды. Кеште аудандық мәдениет үйінің жанынан құралған «Сарыөзек» ауылдық клубының «Қуаныш» фольклорлық ансамблі, «Тараз триосы», Қажымұрат Әбдіқадыров, Жәмилә Омарова, Ақжан Мамбеталиев, мәдениет үйінің әнші қыздарынан құрылған квартеттің әндері шырқалып, «Шаттық» би тобының «Бұрымды батырлар» биі орындалды.
Кеш соңында қонақтар мен өнерпаздар естелік суреттерге түсіп, көтеріңкі, мерекелік көңіл күймен тарқасты.