«Бақытты отбасы» жобасы аясында «AMANAT» партиясы аудандық филиалында Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай әртүрлі салаларда еңбек етіп жүрген әйелдер қауымымен салтанатты кездесу өтті.
Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Сондықтан партия тарапынан еңбек адамына деген құрмет пен жұмысшы мамандығын насихаттау басым бағыт болып табылады.
Партия аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов барлық әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, «AMANAT» партиясы әйелдердің құқығын барынша қолдап келетіні туралы жеткізді. Мәселен, партияның Әйелдер қанатының тікелей қатысуымен әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң әзірленген, партиялық тізімдерде гендерлік квоталар енгізілген. «Tomiris» жобасы аясында әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға арналған оқыту курстары ұйымдастырылуда. «Балаңа уақыт арна!», «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» секілді көптеген партиялық бастамалар мен жобалар әйелдердің мүддесін қорғауға бағытталған.
Бүгінгі таңда «AMANAT» партиясының Мойынқұм ауданы бойынша 19 бастауыш партия ұйымы бар болса, оның он алтысының төрағалары әйелдер. Аудан мәслихатыңдағы «AMANAT» партиясының 7 мандатының 1-і әйел. Олар партияның аудандық филиалының түрлі іс-шараларына, фракция жұмысына белсене араласып, беделді еңбек етіп келеді.
Іс-шара соңы марапаттау рәсіміне ұласып, бағалы сыйлықтар табысталды.