Мойынқұм таңы

Аппараттық кеңесте өзекті мәселелер қаралды

0 9

Сәрсенбі күні аудан әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Кеңес жұмысына аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Алғашқы болып аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ержан Сексенбаев сөз алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және иесіз, сырғаланбаған ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне заң талаптарын қолдану туралы баяндады.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында қараусыз жүрген малдың кесірінен 27 жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның ішінде 13 жағдайда мал иелері анықталып, оларға айыппұл салынса, қалған 14 оқиғада иелері анықталмаған. Мұндай оқиғаларға себеп ретінде жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы №145 бұйрығы талаптарын толық орындамауы көрсетілді.

2025 жылдың 9 айында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша 184 құқық бұзушылық тіркеліп, жалпы 1 085 232 теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 837 516 теңгесі өндірілген. Сонымен қатар, аудан аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Кеңесте сондай-ақ аумақтық инспекция басшысы Арыстанбек Шайжановтың осы бағыттағы жұмыстары бойынша баяндамасы тыңдалды.

Күн тәртібінің келесі мәселесі – 2025 жылға арналған жергілікті бюджеттің қосымша резервтері жайында болды. Бұл туралы аудандық кірістер басқармасының басшысы Бақыт Байтик баяндама жасап, резерв көздерін нақтылау бойынша атқарылған жұмыстар мен жоспарланған іс-шаралар жөнінде айтты.

Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақыткүл Әжіғұлова толық емес отбасындағы балалардың тұрмыс жағдайы, сондай-ақ буллинг пен суицидтің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді. Оның айтуынша, аудандағы 23 мектепте 5196 оқушы білім алады. Соның ішінде 300 толық емес отбасында 451 бала тәрбиеленуде. Қазіргі таңда олардың 200-нің тұрмыстық жағдайы зерделеніп, әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылуда.

– Қазіргі таңда жасөспірімдер мен жастар арасында жиі кездесетін екі ауыр әрі өзекті мәселе – буллинг және суицид. Бұл тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның психологиялық, әлеуметтік, мәдени ахуалына әсер ететін күрделі жағдай. Сондықтан бұл проблемаларды дер кезінде анықтап, алдын алу – әрқайсымыздың міндетіміз, — деді Бақыткүл Тұрсынханқызы.

Одан кейін NEET санатындағы жастарды қолдау мәселесіне тоқталған «Жастар ре­сурстық орталығының» директоры Мәди Күнту атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Ол жұмыссыз жастармен байланыс орнату, оларды қоғамдық іс-шараларға тарту және бағыт-бағдар беру бойынша нақты деректер келтірді.

Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша аудан әкімдігінің ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Ернұр Нәдірғожин сөз алып, мал азығы, су жеткізу, шөп шабу науқаны сынды мәселелерді талдады.

Кеңестің соңғы мәселесі ретінде «От­басын қолдау орталығының» директоры Әбдіғали Әбдіразақов орталықтың соңғы 5 айда атқарған жұмыстары жөнінде баяндап, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, қиын жағдайдағы отбасылармен жүргізілген жұмыстар туралы мағлұмат берді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ермек Карентаев сала басшылары мен ауыл әкімдеріне анықталған кемшіліктерді жою, көрсетілген бағыттар бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізу жөнінде тапсырмалар берді. Сондай-ақ әрбір бағыт бойынша келесі аппараттық мәжілісте нақты есеп беруді міндеттеді.