Мойынқұм таңы

Ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді

0 15

Қай заманда да адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сол өмірді сақтап қалуға, сырқат жанға шипа дарытып, үмітін жалғауға күш-жігерін арнайтын ерекше жандар бар. Олар ақ халатты абзал жандар.

Маусым айының үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің күні ретінде белгіленген. Бұл күн – дәрігер мен медбике, фельдшер мен санитар, жалпы адам саулығына қызмет ететін барша медициналық қызметкерлерге көрсетілетін алғыс пен құрметтің күні.

Медицина – жай ғана мамандық емес. Бұл – үлкен жауапкершілікті, мейірім мен жан жылуын қажет ететін асыл іс. Дәрігер болу – бұл тағдырдың емес, жүректің таңдауы. Себебі, адам өмірі мен өліміне араша түсу, сағатпен емес, сәтпен санасу тек жүрегінде адамға деген шексіз сүйіспеншілік бар жанның ғана қолынан келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ден­саулық сақтау саласының дамуы – ұлт болашағының кепілі екенін үнемі айтып келеді. Ол өз сөзінде: «Әрбір қазақстандықтың денсаулығы – біздің басты байлығымыз. Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, медицина инфрақұрылымын дамыту – басты міндетіміз», — деген болатын. Осы бағытта елімізде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағы Мойынқұм ауданының медициналық жетістіктері.

Аудан көлемінде денсаулық сақтау саласына ерекше мән берілуде. Жаңа медициналық нысандардың салынуы, заманауи құрал-жабдықтардың ор­на­тылуы, білікті мамандардың тартылуы – осының айғағы.

Кеше аудандық мәдениет үйінде тәуелсіз еліміздің болашағы үшін алдына барған жанға тек дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де ем табатын, күндіз-түні ел саулығын күзететін медицина қызметкерінің мерекесіне орай «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» атты мерекелік салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шараға аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, «АМАNАТ» партиясы Мойынқұм ау­дандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, ақ халатты абзал жандар мен аудан тұрғындары қатысты.

Мерекелік жиында аудан басшысы Ермек Карентаев сахна төріне шығып, сала мамандарын мерейлі мерекесімен құттықтады:

– Құрметті медицина саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мере­келеріңіз – Медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – адам жанына араша болып, шексіз құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде де сенімнің үдесінен шыға білген, асқан шеберліктің иесі – дәрігерлердің мерекесі. Әр адам үшін оның денсаулығы мен өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да сіздердің көмектеріңізбен тоқтаған жүректер қайта соғып, үзілген үміттер қайта жанданады. Халықты қуанышқа бөлейтін жұмыстарыңыз тек осымен шектеліп қалмай, үздіксіз жалғасын таба бермек, — деді аудан әкімі.

Содан соң аудан басшысы Ермек Амангелдіұлы Карентаев аудан медицинасының даму жолында күн-түн демей айрықша еңбек етіп жүрген төмендегі сала қызметкерлерін, атап айтқанда, аудандық орталық аурухананың невропатолог дәрігері Оразалиева Найля Қырғызәліқызын «Денсаулық сақ­тау саласының үздігі» төсбелісімен, аудандық орталық ауруханасының емхана бөлімінің медбикесі Тілеужанова Камила Сейтқанқызын Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, еңбек ардагері Хамзаева Розаны, аудандық орталық ауруханасының емдеу бөлімінің аға медбикесі Ахашева Роза Саламатқызын, аудандық орталық ауруханасының эко­номисі Зауқымбетова Зибахан Қортан­қызын «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» медалімен, аудандық сараптау ор­та­лығының эпидемиологі Шайисламова Роза Нүсіпбекқызы мен аудандық аурухананың емхана бөлімінің меңгерушісі Бекболатова Назира Серікқызын «Мойынқұм ау­данына 60 жыл» мерекелік медальмен марапаттады. Сонымен қатар Ақсүйек дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Коростылева Нина Степановнаға, Құмөзек фельдшерлік акушерлік тірегінің жалпы тәжірибелі медбикесі Оспанова Шырайға, Абай атындағы орта мектебінің медбикесі Тасыбекова Күлбағира Ағажанқызына, Шығанақ дәрігерлік амбулато­риясының жалпы тәжірибелі медбикесі Маханова Ханшайым Әбдірайым­­қызына, Жамбыл дәрігерлік амбулаториясының қол анасы Тасыбекова Гүлнара Ағажанқызын Мойынқұм ау­дандық сараптау ор­та­лығының басшысы Есдаулетов Жанар­бек Аманжолұлына, аудандық ор­талық ауруханасының «Аяла» жастар ден­саулық орталығының менеджері Әлмаханова Ақнұр Санатқызына аудан әкімінің Құрмет грамотасын, Бірлік дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі медбикелері Ибраева Нұрсұлу Иманбердіқызы мен Іңкәрбекова Шарафат Тастанбайқызына, аудандық сараптау орталығының кіші қызметкері Азнабаева Күлімхан Амантайқызына, аудандық ор­талық ауруханасының статист дәрігері Ибраева Аяулым Қонысбайқызына, ау­дандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің медбикесі Тілеухорова Насихат Ергенбайқызына аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Салтанатты шараның келесі сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов ақ халатты абзал жан­дарды төл мерекелерімен құттықтаған жылы лебізін білдіріп, Шығанақ дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі дә­рігері Саттарова Айтолқын Ақжарқызын, аудандық орталық ауруханасының бала дәрігері Әмзе Ақерке Мырзабекқызын, аудандық орталық ауруханасының оташы дәрігері Мұқашев Медет Сәкенұлы, аудандық орталық ауруханасының жұқ­­­палы аурулар бөлімінің медбикесі Жамбыло­ва Нұрзат Панарбекқызын, аудандық орталық ауруханасының жұқ­палы аурулар бөліміннің медбикесі Садығұлова Лаура Доғдырханқызын, аудандық ор­талық аурухананың меди­циналық санитариялық алғашқы көмек бөлімінің аға медбикесі Кәрібекова Гүлшат Тәжібайқызын Мойынқұм ауданының Құрмет грамотасымен, ау­дандық орталық аурухананың емхана бөлімінің хирург дәрігері Нұралиев Зафарали Бегалыұлын, аудандық орталық аурухананың пер­зентхана бөлімінің акушеркасы Әлиева Сәуле Өмірзаққызын, аудандық ор­талық аурухананың жұқпалы аурулар медбикесі Елеу Мадина Елеуқызын, аудандық орталық ауруханасының оташы бөлімінің мебдикесі Өмірзақ Арайлым Бауыржанқызын Мойынқұм ауданы мәслихатының Алғыс хатымен марапаттады.

Содан кейін сөз алған «АМАNАТ» партиясы Мойынқұм аудандық филиа­лының төрағасы Манарбек Көшкімбаев: Әлемде бірнеше ардақты да, құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дә­рігерлер. Оларды «ақ желеңді» абзал жандар, «адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Қалай айтсақ та, артық етпейді. Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгінеміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл-кеңестерін береді. Күн демей, түн демей, қажет кезде жанымыздан табылады. Осындай абзал жандарды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын дей келе бір топ денсаулық сақшыларына партия филиалының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, заттай сыйлығын тапсырды. Ал аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы Бағлан Жүнісбеков әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, бір топ қызметкерлерге аурухана бас дәрігерінің Құрмет гра­мотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті.

Ауырып жазылған жан–олжа, жо­ғалып табылған мал – олжа» демекші адам үшін ең басты орында тұратын денсаулық. Осы «олжаны» сіз бен бізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін аудан дәрігерлері мен медбикелері. Айтулы шарада сала қызметкерлерінің құрметіне аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән салып, мерекелік салтанатты жиынның шырайын келтірді.