Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Осы мерейлі датаға орай Мойынқұм ауданында түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі – көпұлтты Ақсүйек ауылында өткен «Бірлігіміз – әралуандықта» атты мерекелік жиын.
Салтанатты шара Ақсүйек ауылындағы №1 орта мектебінде өтті. Мерекенің құрметті қонақтары – Ақсақалдар алқасының төрағасы мен Аналар кеңесінің төрайымы. Жиынның басты мақсаты – Қазақстандағы бейбіт өмір мен ұлтаралық татулықты дәріптеу, қазақ халқының кең пейілдігін, мейірімін және достыққа адалдығын насихаттау.
Мектеп директоры Нұркен Манатбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, көпұлтты еліміздің бірлігі мен өзара түсіністігінің маңыздылығын атап өтті. Бұл күні әрбір этнос өкіліне алғыс айтылып, тарихтағы маңызды сәттер еске алынды. Мектеп оқушылары мен өнерпаздар сахнада түрлі ұлттардың әндерін орындап, ұлттық киімдерімен көріністер қойды.
Шешен ұлтының өкілі Татьяна Николаевна қазақ халқының қонақжайлығы мен мейірімі жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісіп, ел мәдениетіне деген құрметін жеткізді. Ал қырғыз ұлтының өкілі, Әжелер кеңесінің төрайымы әрі өнерлі әже Күлзия Дүйсебаева ауылға алғаш келген жылдарын еске алып, Қазақстанның тарихи құндылықтарын сақтауға деген ықыласын айтты.
Жас ұстаз Анастасия Игоревна өз сөзінде – көпұлтты қоғамда әркімнің өз мәдениетін сақтай отырып, бірлікте өмір сүрудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ Венера апай өз отбасы мен дәстүрлері жайлы айтып, қазақ халқының әдет-ғұрпына деген құрметін жеткізді.
Мерекелік шара соңында мектеп директоры Нүркен Пернебаев барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бірлік пен достықтың қашан да басты құндылық екенін атап өтті.
Жұманазар Көдеков, Мойынқұм ауданы
ақсақалдар кеңесінің төрағасы