Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құрметіне Қылышбай ауылында «Ардагерлер аллеясы» ашылды.
Салтанатты лентаны аудан әкімі Ермек Карентаев пен Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, елге танымал кәсіпкер, «Рысбаева и Ко» ЖШС-нің басшысы Сәуле Рысбаева бірге қиып, жаңа аллеяның алғашқы қадамдарын ресми түрде бастап берді. Бұл – тек саябақ емес, ел есіндегі ерлерге арналған ескерткіш руханиятының ошағына айналмақ.
Құран бағышталып, ескерткіштің беті ашылды. Ұлы Отан соғысының сұрапылында ерлікпен шайқасқан аталарымызға арналған тағзым – көзге жас, жүрекке намыс ұялатты. Бұл жерде әр ағаш – бір жауынгердің, әр гүл – бір батырдың өмірін еске түсіреді.
«Бүгінгі бейбіт аспан – сол ерлердің жанқияр ерлігінің жемісі. Бұл аллея – өскелең ұрпақ үшін үнсіз ұстаз, батырлықтың ескерткіші», – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Бұл – ескерткіш қана емес, өткеннің өр рухын бүгінге жалғаған алтын көпір. Қылышбай халқы бұл күнді ерекше тебіреніспен қарсы алды. Ардагерлер мен олардың ұрпақтары, ауыл ақсақалдары, жастар, мектеп оқушылары – бәрі бір кеудеден шыққан үнмен: «Батырға тағзым – елге қызмет!» деді.