Ауданымызда жалпыұлттық референдум аясындағы ақпараттық-түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Аудандық коалиция мүшелері мекемелер мен ұйымдарда, еңбек ұжымдары және тұрғындармен ашық форматтағы кездесулер өткізіп, конституциялық реформалардың мазмұны мен маңызын кеңінен түсіндіруде.
Атап айтқанда, коалиция мүшелері А.Назарбеков ауылындағы медициналық тірек ұжымымен және мекемеге келуші азаматтармен кездесу өткізді. Жиын барысында жалпыұлттық референдумның маңызы, елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалардың мәні, сондай-ақ әр азаматтың дауыс беру арқылы ел болашағына үлес қосу жауапкершілігі жан-жақты түсіндірілді. Еркін форматта ұйымдастырылған диалог алаңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарын қойды.
Сондай-ақ аудандық коалиция мүшелері Көкжелек ауылының тұрғындарымен және Б.Момышұлы атындағы орта мектеп ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасын таныстырды. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының еліміздің ертеңіне бағытталған стратегиялық құжат екендігі атап өтілді. Әрбір бап пен өзгеріс азаматтардың құқықтарын қорғауға, әділеттілік пен теңдік қағидаттарын нығайтуға бағытталғаны түсіндірілді.
Мыңарал ауылындағы К.Қасымов атындағы орта мектепте өткен кездесуде де Конституция жобасының негізгі бағыттары мен жаңашылдықтары талқыланды. Пікір алмасу барысында заңнамалық өзгерістердің қоғам өміріне ықпалы, азаматтық жауапкершілік және ел болашағына қатысты өзекті мәселелер көтерілді.
Жамбыл ауылындағы медициналық тірек ұжымымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, сондай-ақ ауыл тұрғындарымен өткізілген кездесулерде реформалардың басты мақсаттары — азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және қоғамдық институттардың тиімділігін арттыру екендігі айтылды. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, өзара сенімге негізделген ашық пікір алмасу өтті.
Бұдан бөлек, аудандық коалиция мүшелері аудандық «Қазақтелеком» және «Қазпошта» ұжымдарымен кездесті. Жиын барысында референдумның ел дамуы үшін маңыздылығы және әр азаматтың дауыс беру арқылы мемлекеттік шешім қабылдау процесіне қатысуының мәні кеңінен түсіндірілді.
Мұндай мазмұнды кездесулер халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың саяси-құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді. Ашық диалог алаңдары қоғамдағы маңызды өзгерістерге бейжай қарамауға үндеп, ортақ жауапкершілікті күшейтеді.
Референдумға қатысу – әрбір азаматтың жауапкершілігі әрі ел болашағына қосқан нақты үлесі.Алдағы референдум – ел тағдырына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды кезең. Сондықтан барша тұрғындарды белсенділік танытып, өз таңдауларын жасап, мемлекетіміздің тұрақты дамуына үлес қосуға шақырамыз. Бірлік пен жауапкершілік қана бізді жарқын болашаққа бастайды.