Биыл Желтоқсан оқиғасының батыры, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 59 жыл толып отыр. Осыған орай, Бірлік ауылында батырдың рухына тағзым ету мақсатында бірқатар тағылымды іс-шаралар өтті.
Осы ретте 13 наурыз күні Бірлік ауылындағы Қайрат Рысқұлбеков ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан басшылығы, ұстаздар, оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты. Батыр рухына арнайы Құран бағышталып, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сөз сөйлеп, Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы мен Қайрат Рысқұлбековтің ерлігіне тоқталды.
Қайрат Рысқұлбековтің батылдығы мен ерлігі – ұрпаққа үлгі. Оның тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық ісі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі іс-шара – жастардың бойында отансүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам,-деді аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін іс-шара Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектепте жалғасын тапты. Мектеп оқушылары арнайы әдеби-танымдық кеш ұйымдастырып, бастауыш сыныптарда патриоттық тәрбие сағаттары өтті.
Аудан басшылығы мен қонақтар мектеп қабырғасынан құрылған Қайрат Рысқұлбековке арналған мұражайды аралап, батырдың өмірі мен Желтоқсан оқиғасындағы ерлігіне қатысты құнды деректермен танысты. Мұражайда Қайраттың студенттік жылдары, Желтоқсан оқиғасындағы батырлық жолы және оған қатысты архивтік материалдар қойылған.
«Қайрат Рысқұлбеков – нағыз батыр. Оның тәуелсіздік жолындағы ерлігі әрдайым жүрегімізде сақталады. Бүгінгі іс-шара бізді рухтандырып, тарихымызды тереңірек тануға жетелейді»,–дейді Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Бөрібай Әсел Ернарқызы.
Бұл тағылымды шара – еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен жас қаһармандардың ерлігін ұлықтау және олардың есімін мәңгі есте сақтау жолындағы игі бастамалардың бірі. Қайрат Рысқұлбековтің ерлігі – ел жадында мәңгілік сақталатын рухани құндылық.