Мойынқұм таңы

Аталы ел – баталы ел

0 33

Қазақ батаны киелі санайды, сел­кеусіз сенеді, қадір тұтады. Бата–кі­сілікке, имандылыққа, мейірімге, жақсы сөзге, ынтымаққа ұйытып отырады. Батаны жұртымыз қасиетті қариядан, абыз ағадан, өнегесі мол үлкеннен күткен. Сондай-ақ үлкендерден бата сұрау – ежелгі салт болып келеді. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «Аталы ел — баталы ел» деген қазақ халқының батаның киелігіне деген сенімі жатыр. Сондай-ақ сөз қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ бата беруге де, бата алуға аса мән берген.

Осы орайда жақында аудан орталығы Мойынқұм ауылындағы Жамбыл атын­дағы мектеп-гимназиясында «Аталы ел – баталы ел» атты ауыл қарияларымен кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – ата-ба­ба­мыздан мирас болып қалған біздің асыл қазынамыз баталы сөздерімізді балаларға дәріптеу, балалар бойына рухани байлық орнату. Ұлттық дәстүр-салтымыздың қайта жаңғыруына ықпал ету. Отбасындағы әке мен ер азаматтың рөлінің мәнін ұғындыру, ата-ананың мектеппен байланысын дамыту, бала тәрбиесіндегі әке орнының ерекшелігіне назар аудару болды.

Жиынды мектеп-гимназиясы дирек­торының құқықтық тәрбие жө­ніндегі орынбасары Бейбіт Кенжебаев ашып, қатысушы қарияларды таныстырды.
Келелі жиынға қатысқан ауданның Құрметті азаматтары Мұханбетқұл Сабыров пен Шахикерім Исабековтер оқушыларға батаның мән-маңызын ашып, тереңінен түсіндірді. Сондай-ақ өз ойларын мемлекеттік тілде сауатты, көркем, толық жеткізе білуге, өз Отанының патриоты болуға, жаман мен жақсыны ажырата білуге және мамандықты дұрыс таңдауға шақырды.

Жиын барысында мектеп оқушылары өздерінің сұрақтарын және өлең ар­науларын оқыса, қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар алды. Сонымен қатар қариялар өздерінің еңбек жолдарын және келешек ұрпағы үшін жасаған игі істерін мысалға келтіріп, қазіргі дамыған заманда тек білім алу арқылы биіктерге шығуға болатынын дәріптеді.

Жиын соңында қонақ қариялар оқу­шыларға баталарын берді.