Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Кеңестің күн тәртібіне аудан өмірінің бірнеше негізгі салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар шығарылды. Жыл аяқталып келе жатқандықтан, жиналыс барысында әр бөлімнің нәтижесі мен жаңа кезеңге арналған міндеттері жан-жақты талқыланды.
Алдымен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жағдай туралы аудан әкімдігіне қарасты бөлімнің басшысының міндетін атқарушы Бабахан Айбек Болатұлы баяндама жасады. Ол құрылыс нысандарының жыл ішіндегі орындалу барысын, құжаттандыру, жобалау және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін қозғады. Ауданның өсу қарқынын сақтап қалу үшін жаңа нысандар салу, пайдалануға беру және құрылыс сапасын бақылау өзекті екені атап өтілді.
Одан кейін қаржының жылдық игерілуі туралы аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Қазақбаева Лаура Құндақбайқызы сөз алып, 2025 жылғы бюджеттік бағдарламалардың орындалуы мен 2026 жылға болжамды бағыттарды түсіндірді. Ол қаржының тиімді жұмсалуы мен жоспарланған жобалардың мерзімінде аяқталуына қатысты нақты деректер келтірді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы қысқы мал азығын дайындау жұмыстары жайлы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нәдірғожин Ернұр Амандықұлы есеп берді. Ауа райының құбылмалылығына қарамастан, жем-шөп қорын жеткілікті деңгейде қамту үшін жүргізіліп жатқан шаралар мен фермерлерге көрсетілген қолдау тетіктері атап өтілді.
Одан кейін отбасын қолдау орталығының директоры Әбдіразақов Әбдіғали Расулұлы орталықтың осы уақытқа дейін атқарған әлеуметтік-психологиялық қолдау шараларына тоқталды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық кеңес беру, балалар құқығын қорғау бағытындағы жұмыстар кеңінен айтылды.
Кеңесте сонымен қатар баспасөз басылымдарына жазылу мәселесі қаралды. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Несіпбаева Жанар Қызырәліқызы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жазылу барысын түсіндіріп, ақпараттық саясаттың маңызын айтты.
2025 жылғы күзгі әскерге шақыру науқанының нәтижелері туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Әуелбаев Болат Әбдімәлікұлы баяндама жасады. Жоспардың орындалуы, медициналық тексеру, жастардың әскери қызметке дайындығы жайлы ақпарат берілді.
Жиын соңында сұрақ-жауап өткізіліп, аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы барлық бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ол 2025 жылдың қорытындысына дейін қалған уақытты тиімді пайдалану, көрсеткіштерді толық орындау және тұрғындармен жұмыс сапасын арттыруды ерекше атап өтті.