Құрметті аудан тұрғындары, қадірлі жерлестер!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – біздің бірлігіміз бен берекеміздің жарқын көрінісі, ортақ мақсаттар мен асқақ армандарға бастайтын қасиетті мереке. Қазақстан халқының достығы мен өзара түсіністігі – ел дамуының басты кепілі. Тарихтың талай сын сағаттарында халқымыздың ауызбіршілігі мен төзімділігі жеңіске жеткізді.
Бүгінде де құбылмалы заманда қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықтың маңызы зор. Бейбіт өмір мен ұлтаралық татулық – еліміздегі әрбір азаматтың ортақ құндылығы. Оны сақтау, одан әрі нығайту – біздің баршамыздың абыройлы міндетіміз.
Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз қарыштап дамып, әлемге танылды. Экономикамыздың өркендеуі, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, халықаралық беделіміздің артуы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың бірлескен қажырлы еңбегінің жемісі.
Құт қонған қасиетті Мойынқұм өңірі де әрдайым ынтымақ пен бірліктің өнегесін көрсетіп келеді. Бұл киелі топырақтан ел бірлігін ту еткен, еңбегімен жерін түлеткен ер-азаматтар шыққан. Мойынқұмдықтар ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне, татулық пен бейбіт өмірді сақтауға өз үлесін қосып келеді.
Қадірлі жерлестер!
Достық пен татулықтың, ынтымақ пен бірліктің жарқын мерекесінде әр отбасыға амандық, денсаулық, береке тілеймін! Елімізде бейбітшілік мәңгілік орнасын, халықтың ырысы мен бақ-берекесі арта берсін!
Бірлігіміз бекем, еліміз аман, көк туымыз мәңгі желбіресін!