Мойынқұм таңы

Аудан әкімі қариялармен кездесті

0 8

1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында ауданда жүрек жылуына толы шара өтті. Аудан әкімі Ермек Карентаев бастаған арнайы топ өмірін елдің өркендеуіне арнаған ардагерлердің шаңырақтарына барып, құрмет көрсетті.

Аудан басшысымен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, қоғамдық кеңес төрағасы Сағынғали Аманов, әйелдер кеңесінің төрайымы Ғалия Шубаева және аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов та қатысып, ақыл мен өнеге иелеріне ізгі тілектерін арнады.

Салтанатты сәтте Гаухар Сейдалиева, Қалдықұл Сырымбетов, Күлзада Тілеубаева және Бөгенбай Бидасбаев сынды ау­данға елеулі еңбек сіңірген азаматтар марапатталып, шынайы құрметке бөленді.

Жасы ұлғайған абыз қариялар мен елге еңбегі сіңген ардагерлер аудан басшысы бастаған өкілдерге риясыз ризашылықтарын білдіріп, батасын берді. Бұл – өткеннің өне­гесін бағалап, аға буынға құрмет көрсету арқылы болашаққа аманат етер асыл дәстүрдің жалғасы.

Қарттар күні – тек қана мереке емес, ұрпақ сабақтастығын сезіндіріп, жастарды ізгілікке, үлкенге құрмет көрсетуге үндейтін күн. Бұл кездесулер – аға буынға тағзым, еңбекпен келген өмір жолына деген алғыс пен құрметтің айқын көрінісі болды.