Аудан әкімі Әлихан Балқыбеков бірқатар ауылдар мен Шу өзені бойындағы байлауларда болып, атқарылып жатқан жұмыстар барысын зерделеді. Аудан басшысымен қатар осы салаға жетекшілік ететін орынбасары Ержан Әмірханов пен аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков те барды.
Алдымен Шу ауданының аймағында орналасқан Рыбхоз елді мекені маңындағы Айдарлы, Биназар, Бірлік ауылдарына ағын су баратын каналдардың басында болып, тоғандардың жай-күйімен танысып, Кеңес ауылдық округінің әкімі Әділет Мұқашевқа суару маусымында судың дұрыс бөлінуін қадағалауды тапсырды.
Келесі кезекте Айдарлы ауылындағы №2 орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстарының жай күйімен танысып, мердігердің өкілінен қалған жұмыстарды сапалы әрі жылдам аяқтауды талап етті.
Содан кейін Әлихан Әбіләшұлы бастаған топ Биназар ауылы шаруаларының игілігіне жарап отқан «Коминтерн» каналының басына барып, шарулардың күшімен каналды қайырдан тазарту жұмыстарын көріп оң бағасын берді. Осыдан соң Биназар ауылының маңындағы жол бойындағы алма бақ пен арпа себуге дайындалып жатқан шаруалардың жұмысымен танысып, олардың сұрақтарына құлақ асты. Биназарлық шаруалардың арықтарды тазартуға, жаңа арықтар жүргізуге қолдау көрсетсеңіз деген сауалдарына жақында кәсіпорындардың техникалары дайын болатынын айтып, шаруаларға жеңілдетілген тарифтермен қызмет көрсететінін жеткізді.
Биназар ауылынан кейін Бірлік ауылдық округіне ат басын бұрған аудан басшысы «Ауыл Аманаты» жобасы аясында төмендетілген пайызбен несие алған жеке кәсіпкер Нығматулла Мүлкібаевтың үй іргесіндегі мал бордақылау алаңындағы тірлігі мен жаңадан жасақталып жатқан алма бағының жұмысымен танысып, шаруаға сәттілік тіледі. Шаруа да өз кезегінде аудан басшысынан атқарылып жатқан жұмыстарына субсидия алу жолдарын сұрады. Аудан басшысы орынбасары Ержан Әлімханұлына құжаттарын заңдастырып субсидияның берілуі үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Содан соң Бірлік ауылындағы тағы бір маңызды нысан ауыл шетіндегі қырманға барып ондағы «Байбарақ Агро» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын көрді.
Сапар соңында Қызылтал ауылдық округіндегі А.Назарбеков пен Көкжелек ауылдарына ағын су баратын «Байбарақ» каналының жай күйімен танысты. Ауылдық округтің әкімі Жәнібек Айдарқұловқа мердігердің сапасыз жұмыстарының салдарынан жағасы опырылып кеткен каналды биылғы суару маусымынан ыңғайластырып алып шығу керекттігін айтты. Сонымен қатар келесі суару мерзіміне дейін мәселені шешіп қалыпты жағдайда ағын суға қол жеткізу үшін талмай жұмыс істеуді тапсырды.