Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Мейірхан Төлеулиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес отырысы өтті. Кеңес барысында «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарының және «TazaLike» іс-шарасының орындалуы, көктемгі екі айлық тазалық жұмыстарының өту барысы, 2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының орындалуы, Мойынқұм ауылындағы сәулеттік келбеті бұзылған нысандар және Наурыз мерекесінің атап өтілуі және дайындық барысы туралы мәселелер қаралды.
Алдымен, аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Сәбит Донбаев «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарының және «Taza Like» іс-шарасының орындалу барысы туралы баяндама жасады. Аталған мәселе бойынша жоспарлар мен іс-шаралардың нәтижелері мен жүзеге асырылу жағдайы талқыланып, тиісті түзетулер мен ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ көктемгі екі айлық тазалық жұмыстарының өту барысы да кеңеске енгізілді. Бұл жұмысқа ауылдық әкімдіктердің қатысуы мен тазалық деңгейі туралы мәліметтер тыңдалды. Сонымен қатар, 2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының орындалу барысы туралы есеп берілді. Әскерге шақыру бойынша тиісті шаралардың жүзеге асырылуы мен әскерге шақырылатын жастардың дайындығы талқыланды.
Жиында Мойынқұм ауылындағы сәулеттік келбеті бұзылған нысандар мәселесі де қаралды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Мейірхан Берікұлы бұл мәселеге ерекше назар аударды. Өйткені, ауданның көркі мен эстетикалық жағынан дұрыс жолға қойылуы маңызды. Осы орайда, ауылдағы сәулеттік келбетке әсер ететін нысандарды қайта құру бойынша тиісті ұсыныстар берілді.
Содан соң аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева Наурыз мерекесінің атап өтілуі және дайындық барысы туралы хабарлама жасады. Мейрамның мәні мен маңызына сәйкес, әр ауылда мерекелік шаралардың жоғары деңгейде өтуіне дайындық жұмыстары талқыланды.
Кеңес барысында сұрақтар қойылып, пікірлер айтылып, әр мәселе бойынша түсініктемелер берілді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Мейірхан Төлеулиев қаралған мәселелер бойынша мекеме, бөлім басшылары мен ауыл, ауылдық округі әкімдері, сондай-ақ жоспарланған шараларды жүзеге асыру үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нурадинов қатысты.