Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында партияның аудандық филиалының ұйымдастыруымен Ұланбел, Сарыөзек, Қылышбай және Құмөзек ауылдарында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді.
Шараға аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов пен аудан әкімдігінің бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары қатысып, ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдау барысында азаматтар тарапынан жұмыспен қамту, кәсіпкерлік ашу, ағын су мәселесі, тұрғын үй салуға жер телімін алу, медициналық мекемелерді жарақтандыру және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жедел жәрдем қызметінің тиімділігі, дәрігер мамандарының жетіспеушілігі, сондай-ақ мектептерде асхана ашу, интернет желісінің сапасы және электр энергиясының бағасына қатысты бірқатар мәселелер көтерілді.
Әрбір өтініш бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, заң аясында кеңестер ұсынылды. Ал шешімін талап ететін мәселелер арнайы тізімге енгізіліп, құзыретті органдарға жолданатын болады.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін дер кезінде анықтап, тиімді шешу жолдарын қарастыру. Осындай көшпелі қоғамдық қабылдаулар бекітілген кестеге сәйкес ауданның өзге де елдімекендерінде жалғасын табады.