Мойынқұм таңы

Аудандық аурухананың бас дәрігері таныстырылды

0 14

Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері лауа­зымына Жүнісбеков Бағлан Қыдырәліұлы тағайындалды. Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Назарбек Сержан Сәрсенбекұлы арнайы іссапармен ауданымызға келіп, орталық аурухана ұжымымен ресми жиын өткізді. Жиынға аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев та қатысты.

Жаңа бас дәрігерді таныстыру жиыны барысында облыс басқармасынан келген өкіл Бағлан Қыдырәліұлының кәсіби жолына тоқталып, оның медицина саласындағы біліктілігі мен тәжірибесін ерекше атап өтті.

Ол 1990 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданында дүниеге келген;
2013 жылы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «Стоматология» мамандығы бойынша аяқтаған;

2014 жылы еңбек жолын аудандық ауруханада стоматолог болып бастаған;
2022–2023 жылдары емхана меңгерушісі қызметін атқарды;

2023 жылдан бері бас дәрігердің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары болған.

Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған, денсаулық сақтау саласындағы кәсіби құзыретті мамандарды анықтауға бағытталған «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ұйымдастырушы» атты облыстық байқау нәтижесінде Бағлан Жүнісбеков өңірлік кәсіби көшбасшылар резервіне енген болатын. Осы конкурс қорытындысы және аурухананың байқау кеңесінің ұсынымы негізінде ол Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалды.

Жиын барысында ардагер дәрігер Жұлдыз Алтыбайқызы Байманасова сөз алып, әріптесіне сәттілік тілеп, аурухананың қазіргі ахуалына тоқталды. Ол нысанды күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін айтып, осы бағытта нақты қадамдар жасалса деген тілегін жеткізді.

Өз кезегінде аудан әкімі Ермек Карентаев бұл мәселенің назарда екенін, аурухананы жөндеуден өткізу жоспарда бар екенін атап өтті.
Жиын соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен аудан әкімі жаңа бас дәрігерді қызметтік кабинетіне арнайы барып, құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Бағлан Қыдырәліұлына жаңа қызметінде сәттілік тілейміз! Халық саулығы – басты байлық. Ал оны сеніп тапсыратын бас дәрігер – халықтың үлкен сенімін арқалаған тұлға.