Мойынқұм таңы

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйі қаралды

0 22

Өткен аптада, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Карентаев Ермек Амангелдіұлының төрағалығымен аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігі бөлімдерінің, құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының өкілдері, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мәжілісте «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылғы қорытындылары туралы», «2024 жылғы орындаушылық тәртіптің атқарылуы туралы» мәселелер қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Кеншімов Еркін Әбілұлы баяндама оқыды.

-2025 жылдың 1 қаңтарына меншікті кірістер 3 046,0 млн. теңгеге орындалды (жоспар 2 350,0 млн. теңге) немесе 129,6 пайызға орындалды, бюджетке 696,2 млн. теңге жоспардан артығымен түсті.

Аудан бюджетінің шығындары бойын­ша 2025 жылдың 1 қаңтарына 7642,4 млн. теңгеге немесе 99,0 %-ға орындалды. Яғни 73,6 млн.теңге игерілмеді.
2025 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіпорындар мен мекемелерден бюджетке өндiрiлмеген берешек қарызы 98,7 млн. теңгені құраған, оның ішінде жеке тұлғалардың көлік құралы үшін өтелмеген салық 13,4 млн. теңгені құраған.
2024 жылдың қорытындысымен аудан­ның әлеуметтік-экономикалық даму барысы қысқаша баяндалды. Алдағы уақытта тоқсандық көрсеткіштерді орындауға жұ­мыстар жүргізуіміз қажет. Жоғарыдағы баяндаманың негізінде тиісті мекеме басшыларына тапсырма беруіңізді сұраймын, — деп бөлім басшысы сөзін қорытындылады.

Сондай-ақ, ауыл, ауылдық округ әкімдері аппараттарындағы 2024 жылғы орындаушылық тәртіп бойынша аудан әкімінің аппарат басшысының міндетін атқарушы Кенетаев Алмаз Әлімбайұлы тарапынан біршама ауылдық округтердің әкімдеріне әкімдіктердегі құжат айналымы қағидаларға сәйкес жүргізілмегені үшін тәртіптік шара қолдану ұсынылды. Сонымен қатар, ол ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен сынға себепкер болмауға, мемлекеттік органның абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасамауға, қызметтік міндеттерді адал орындауға, қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті мемлекеттік аппа­раттың беделін нығайтуға, ресмилікпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жал­пыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай жүруін атап өтті.

Жиын соңында Ермек Амангелдіұлы бірқатар мәселелерді, айтылған ұсы­ныстарды хаттамаға енгізіп, орын­басарлары мен бөлім басшыларына, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.