Осы аптаның сейсенбісінде Тараз қаласында Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі ғимаратында брифинг өтті. Брифингте Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев есеп берді.
Мойынқұм ауданы 2025 жылдың тоғыз айында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізді. Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаевтың айтуынша, биылғы жылдың басты басымдықтары –экономикалық өсімнің тұрақтылығын сақтау, инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы аяқтау және тұрғындардың өмір сапасын арттыру.
Аудан экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғарылады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 117,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,7 млрд теңгеге өсті.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 5,1 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 101,7 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 21,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4,7 млрд теңгеге артты. Ал бөлшек сауда айналымы 5 млрд теңгеге дейін өсіп, 140,8 пайыздық өсім көрсетті. Бұл аудандағы тұтынушылық белсенділіктің артқанын айқын дәлелдейді.
Тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. Тоғыз айда 3 353 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық. Сонымен қатар көтерме сауда айналымы 396 есеге артқан, бұл аймақтың іскерлік белсенділігі мен нарықтағы тауар айналымының жандана түскенін көрсетеді.
Су мәселесін шешу – ауданның басты міндеттерінің бірі. Ақсүйек, Ақбақай, Хантау, Қашқантеңіз және Бурылбайтал ауылдарында ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ақсүйек ауылындағы жоба 95 пайызға, Ақбақай мен Хантаудағы жобалар 90 пайызға орындалған. Қашқантеңіздегі құрылыс 60 пайыз деңгейінде, ал Бурылбайталда 90 пайызға жеткен. Сонымен қатар, алты ауылдың су жүйелерін жаңғыртуға бағытталған жобалар әзірленіп, жалпы құны 7,1 млрд теңгені құрайды. Бұл жұмыстар толық аяқталған жағдайда аудан халқының басым бөлігі таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Көлік және жол инфрақұрылымында да бірқатар ілгерілеушіліктер бар. Аудандағы жолдардың жалпы ұзындығы 984 шақырымнан асады. Биыл бұл салаға 390,7 млн теңге бөлініп, тоғыз ауылішілік көшеге орташа жөндеу жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Биназар ауылындағы көшелер жөнделсе, паритетті бағдарлама шеңберінде бірнеше жобалар қолға алынды. Сонымен бірге Радай өзені арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталуға жақын, ал Қарабөгет ауылындағы көпір келесі жылы толық пайдалануға беріледі.
Энергетика саласында Ақсүйек, Мыңарал және Мирный ауылдарындағы электр желілері жаңартылып жатыр. Жалпы құны 449 млн теңге болатын бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталмақ. Ал газдандыру бағытында 9 елді мекенге газ тарту жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірінші кезең бойынша 68,5 шақырымдық магистралдың 62 шақырымы салынды, ал қалған бөлігіне байланысты министрлікке қосымша өтінімдер жолданған.
Тұрғын үймен қамту ісінде де оң өзгерістер бар. Көпбалалы және әлеуметтік осал топтарға арналған 20 пәтер құрылысы жүріп жатыр. Пәтерлер «Отбасы банк» жүйесі арқылы әділ конкурс негізінде беріледі.
Абаттандыру және көркейту бағытында аудан орталығында және ауылдарда ауқымды жұмыстар жүргізілді. Амангелді көшесінің келбеті жаңарып, балалар ойын алаңдары орнатылды, ардагерлерге арналған обелиск қайта жөнделді. Бірлік және Биназар ауылдарының саябақтары толық абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілді.
Мәдениет пен спорт саласы да назардан тыс қалған жоқ. Айдарлы ауылында спорттық-сауықтыру кешені мен кітапхана-клуб пайдалануға берілді. Бірлік ауылындағы орталық стадион жаңғыртылуда, ал аудан көлемінде жеті футбол алаңы жөнделіп, жастарға спортпен айналысуға жағдай жасалды. Күшаман ауылында күрес және бокс залының жобасы әзірленіп жатыр.
Ауыл шаруашылығында суармалы егістік көлемі 4,1 мың гектарға жетіп, 16 пайызға артты. Өнім көлемі 14 мың тоннадан асты. Суармалы жүйелер мен тоғандарды қалпына келтіруге 75 млн теңге жұмсалып, су жеткізу сапасы жақсартылды. Ветеринария саласында эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр, ал жаңа типтегі ветеринариялық пункттер салу жоспары жүзеге асырылуда.
Білім беру саласында 44 оқу орны жұмыс істейді, 5 000-нан астам оқушы білім алуда. Бірқатар нысандарда апатты жағдайлар анықталып, оларды қалпына келтіру жобалары дайындалуда. «Құлыншақ» бөбекжайы мен Күшаман ауылындағы мектепті қайта салу ісі бақылауға алынған.
Қорытындылай келе, 2025 жылдың тоғыз айында Мойынқұм ауданы тұрақты өсім мен даму динамикасын көрсетіп отыр. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция, жол және инфрақұрылым салаларындағы жетістіктер ауданның әлеуетін арттыра түсті. Алдағы кезеңде басталған жобаларды мерзімінде аяқтап, қаржыландыруды тиімді ұйымдастыру – басты мақсат. Аудан әкімі Ермек Карентаев атап өткендей, «Мойынқұмның дамуы – бұл бір күндік нәтиже емес, ұзақ мерзімді еңбектің жемісі. Біз ел игілігі үшін жүйелі жұмысты жалғастырамыз».