Мойынқұм таңы

Ауданның өңірлік логотипі– рух пен табиғат үндестігі

0 15

Асан қайғы бабамыз кезінде: «Ей, Мойынқұм! Құмдарың бұйрат-бұйрат таудай екен…» – деп тамсана суреттеген Мойынқұм бүгінде өзінің табиғи байлығы мен тарихи тамыры терең, рухани әлеуеті жоғары өлке екенін дәлелдеп отыр. Сол құт мекеннің бүгіні мен болашағын бейнелейтін өңірлік логотип қайта жасалып, аудан халқының назарына ұсынылды.

Логотиптің жүрегі – құм төбелерін елестететін, әрі «Мойынқұм» атауының алғашқы әрпі «М» әрпімен берілген бейне. Бұл – құмның қою қатпарларынан шежірелі тарихты, шексіз тыныштық пен тылсым табиғатты танытатын ерекше белгі.
Логотип қабат-қабат сызықтық стильде бейнеленген. Бұл – ауданның терең тарихын, кең байтақ табиғатын және ерекше флорасын (соның ішінде, сексеуілдей өміршең өсімдігін) сипаттайды. Өткен мен бүгіннің үндестігін, болашаққа деген сенімді білдіреді.

Ауданымыздың таулы өңірлерінде мекендейтін арқар ұлттық ою-өрнек стилінде берілген. Бұл – табиғатпен бірге, ауданның Қазақ хандығы ту көтерген тарихи аймақ екенін де меңзейді. Арқар – биіктік пен өр рухтың белгісі.
Логотип түстері аудан табиғатын дәл бейнелейді:

Құм түстес бозғылт сары мен қоңыр – құм жоталарын, қатпарлы тарих пен сексеуілдей төзімділікті білдіреді.

Алтын сары – күн нұры мен тіршіліктің белгісі.

Ашық көк – Балқаштың мөлдір суы мен шексіз аспан кеңістігінің белгісі.
Барлық реңктер өзара үйлесе отырып, Мойынқұмның рухани кеңістігін айқын көрсетеді.

Жаңа белгі – тек логотип емес. Бұл – аудан тұрғындарының тарихи тамырына, табиғи байлығына, мәдени болмысына деген мақтанышы. Бұл белгі Мойынқұмның әр тұрғыны үшін ортақ құндылыққа айналып, өңірдің имиджін нығайтуға қызмет етеді.