Өткен аптада сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың аумақтық экономикалық дамуы, бюджет және жергілікті салықтар, өнеркәсіп салаларын, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын дамыту, аумақтық құрылыс, жер учаскесін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі және аумақтық әлеуметтік дамуы, білім, мәдениет, тілдерді дамыту, халық денсаулығын сақтау, адам құқықтарын қорғау, халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін, мүгедектерді қорғау, жастар, отбасы және әйелдер ісі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы болып өтті.
Отырысқа аудандық мәслихат депутаттарынан 9 депутат, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты. Бірлескен тұрақты комиссияларының отырысына «Мойынқұм ауданының жаңа логотипін таныстыру туралы», «Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің 2025 жылы атқарылған және атқарылатын жұмыстары туралы», «Аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2025 жылы атқарылған және атқарылатын жұмыстары туралы», «Аудан әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімінің 2025 жылы атқарылған және атқарылатын жұмыстары туралы» сияқты өзекті мәселелер ұсынылды.
Отырысты аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов ашып, отырыс жұмысын депутат Пернебай Рысымбетов жүргізіп отырды.
Бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сөз алып, депутаттарға ауданның жаңа логотипін таныстырды. – Логотипте Асан қайғы бабамыздың «Ей, Мойынқұм! Құмдарының бұйрат-бұйрат таудай екен…» деген таңданыспен сипатталған сөзінен шабыт алып, логотиптің ортаңғы негізгі бөлігіне құм төбелерін еске салатындай «М» әрпі бейнеленген. Ауданның қатпарлы тарихы логотиптің қабат-қабат стильде берілуімен ашылады. Бұл – тарихтың тереңіне бойлаған сайын жаңаша құндылықтар ашылып отыратынын, Мойынқұмның өткенінен бүгінгіге жалғасқан өміршеңдігін білдіреді. Мойынқұм аумағында кездесетін арқар бейнесі (билік пен еркіндіктің, ерліктің символы) ұлттық ою-өрнек стилінде салынған. Бұл тек табиғатты емес, сонымен қатар ауданның Қазақ хандығы қаланған тарихи мекен екенін меңзейді, – деді Мейірхан Берікұлы.
Жаңадан депутаттар талқысына ұсынылып отырған логотип халық қалаулыларының қызығушылығын туғызды. Бірі дұрыс, қолдауға тұрарлық десе, бірі қазіргі қолданыстағы логотиптің заман талабына сай ескерілгенін айтып, қалдырылса деген ниеттерін білдірді.
Депутат Ғалия Шубаева логотипке латын графикасын пайдалану қаншалықты дұрыс? Себебі латын графикасы ресми түрде ел Президенті мен Үкімет тарапынан бекітілмегенін алға тартты.
Депутат сауалына аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев латын графикасы шетелдіктермен қарым-қатынасты орнатуда шешуші рөл атқарады, туризмді дамытады деп жауап берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәбит Көбейұлы Донбаев 2025 жылға ауыз су, электрмен, интернетпен жабдықтау, көпір құрылысына, автожолдарды орташа ағымдағы жөндеуге, арнайы техникалар сатып алуға, әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалына, жол қауіпсіздігін сақтауға, абаттандыруға және 2026 жылдарға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге барлық деңгейдегі бюджеттерден – 3442,0 млн. теңге (арнайы резервпен – 782,6 млн. теңге, республикалық бюджеттен – 1367,4 млн. теңге, аудандық бюджеттен – 1192,0 млн. теңге) қаржы қарастырылды дей келе Ақсүйек, Ақбақай, Хантау, Қашқантеңіз елді мекендерінің ауыз су құрылыстарына, Бурылбайтал ауылына кешенді блокты модуль орнату (мембрана) жұмыстарының жүргізілу барысына, 20 елді мекендегі су нысандары мен су құбырларын күтіп ұстауға, мембраналық қондырғыларды ауыстыруға «Мойынқұм су-жылу» КМК мекемесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.
Сонымен қатар, ол электрмен жабдықтауға 450 млн. теңге қаржы қарастырылып, Ақсүйек, Мыңарал, Мирный ауылдарындағы коммуналдық меншіктегі қуаттылығы 4,4/6\10 кВ электр желілері құрылысы туралы ақпарат берді.
Содан соң аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің 2025 жылы атқарылған және атқарылатын жұмыстары туралы бөлім басшысының міндетін атқарушы Марапат Қырғызбай мен аудан әкімінің орынбасары Қуандық Серікбайұлы Төлеубеков баяндады.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша депутат Бекболат Өткелбаев ескі логотип жаңасына қарағанда жақсы, ескісін ауыстырмауға бола ма десе, ал депутат Пернебай Рысымбетов Мирный, Бурылбайтал ауылдарындағы ауыз су жайы сын көтермейтінін айтты. Соңғы сауал бойынша: осы ауылдарда 2023–2024 жылдары ауыз су станцияларындағы мембраналар толық ауыстырылған. Бірақ жаңа қондырғыларға мердігер кепілдік бермейді. Жыл сайын күтіп ұстауға 7,5 млн. теңге қаржыны қажет етеді, — деді Сәбит Донбаев.
Ал бірліктік депутат Бақыт Серібаев Бірлік ауылындағы ауыз су құбырының жай-күйіне алаңдаушылық білдірді. Бөлім басшысы бұл сауалға: жоба құны – 539,9 млн. теңгені құрайды. Жоба 2023 жылы сараптамадан өтті. Құрылыс министрлігіне тапсырылды. Аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен «AMANAT» партиясы аудандық филиалы тарапынан осы мәселе көтеріліп, қолдау тапты. Алдағы уақытта жоба бойынша бюджетке 50 пайыз қаржы құйылса, біртіндеп ауыз су бойынша құрылыс жұмыстары басталады, – деп жауап берді.
Сонымен қатар, депутат Бақыт Серібаев елді мекендердегі қорымдарды қоршауға бөлінген қаржыға кім жауапты екенін сұраса, депутат Ғ.Шубаева Хантау ауылы бойынша электр бағаналарын ауыл әкімшілігінің балансына алуды талап етті. Сондай-ақ, депутат Бекболат Өткелбаев Мойынқұм-Ұланбел автожолын ағымдағы жөндеуден өткізудің қажеттігі, жолға су шашуға арналған машинаны жүргізу керектігін, депутат М.Көшкімбаев жолдағы жолақтар қайта сызылса деген ұсынысын жолдады.
Аудандық мәслихаттың біріккен тұрақты комиссияларының отырысында қаралған мәселелер аудандық мәслихаттың кезектен тыс отыз сегізінші сессиясының күн тәртібіне енгізілді.