Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде әкімдердің халықпен кездесулері әрбір жартыжылдықта тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл – тұрғындардың өзекті мәселелерін тікелей жеткізіп, шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңы. Өткен аптада аудан әкімі Ермек Карентаев ауданға қарасты бірнеше ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, елдің тыныс-тіршілігі мен өзекті мәселелерін талқылады. Кездесулерге аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауыл әкімдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Мыңарал ауылында өткен кездесуде тұрғындар елді мекендегі жарық сымдарының тозуы, ветеринарлық дәрігер тапшылығы, темір жолдан жаяу жүргіншілердің өту жолын салу және ауылға кіре беріс жолды жөндеу мәселелерін көтерді. Әкім тұрғындардың сауалдарын мұқият тыңдап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Бірқатар сұрақтарға сол жерде жауап берілсе, қалғандары хаттамаға енгізіліп, шешімін тапқанға дейін бақылауда болатыны айтылды.
Шығанақ ауылында өткен кездесуде тұрғындар ауылдағы дәрігер тапшылығы мен жедел жәрдем қызметінің жетіспеушілігін алға тартты. Тиісті сала басшылары түсініктеме беріп, бұл бағытта алдағы уақытта кадр мәселесін шешу және медициналық көліктердің жұмысын реттеу бойынша нақты жоспарлар жасалып жатқанын жеткізді.
Биназар ауылдық округінде тұрғындар балаларға арналған өнер мектебін ашу, ауылдық медициналық пунктті қажетті құралдармен қамтамасыз ету, ауыл маңындағы автожол бойын мал шығудан қорғау және саябақ салу туралы ұсыныстар айтты. Аудан басшысы бұл бастамалардың әлеуметтік маңыздылығын атап өтіп, мәдени және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Ақсүйек ауылдық округінде өткен жиында тұрғындар ауыз су, кіреберіс жол, жарық бағаналары, ауыз су тасушы көлік және қоқыс полигоны мәселелерін көтерді. Әкімдік өкілдері әр мәселенің шешілу жолдарын түсіндіріп, бірқатар сұрақтар сол жерде шешімін тапты. Қалғаны бақылауға алынып, нақты мерзіммен орындалатыны айтылды.
Ақбақай ауылында өткен кездесуде тұрғындар ауыл мектебінің ғимаратының жағдайы, ауылға қатынайтын жол, монша салу қажеттілігі, кен байыту комбинатының жер қыртысына әсері және электр жарығының бағасы сияқты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, жедел жәрдем мен ауылішілік жолдарға су шашу мәселесі де қозғалды. Әкім әрбір сұраққа жеке тоқталып, кейбіріне сол жерде нақты жауап берді, ал қалғандары хаттамаға енгізіліп, тиісті бақылауға алынды.
Мирный ауылдық округінде өткен кездесуде тұрғындар ауыз су тасымалдау, кіре беріс жолды жөндеу, мектеп қазандығын жаңарту, дәрігер тапшылығы және қоқыс шығару мәселелерін көтерді. Аудан басшысы бұл бағыттарда жобалық жұмыстардың басталғанын, кейбірі бюджет есебінен, кейбірі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асатынын айтты.
Ал Хантау ауылында өткен кездесуде тұрғындар ауыз су, мектеп қазандығы мен шатырын жөндеу қажеттілігін айтты. Әкімдік өкілдері аталған нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын және алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.
Барлық ауылдардағы кездесулерде тұрғындар көтерген мәселелер хаттамаға енгізіліп, әр сұрақ бойынша жауапты бөлімдер мен мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
Аудан әкімі Ермек Карентаев: «Халықтың пікірі мен ұсынысы – біздің жұмысымыздың негізгі бағдары. Әр ауылдың мәселесі назарда, ең бастысы – шешім бар жерде нәтиже болады»,- деп атап өтті.
Апта бойы өткен кездесулерде аудан тұрғындары өз пікірлерін еркін білдіріп, маңызды мәселелерге назар аударды. Әкімдік тарапынан нақты шешімдер мен жоспарлар ұсынылды. Басты мақсат – әр ауылдың дамуына серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру.