Мойынқұм таңы

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті

0 25

Өткен аптада қарашаның үшінші жексенбісі – «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері» күніне орай игі шаралар легі өтті. Атап айтар болсақ орталық Абылайхан алаңында ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі өтті. Көрмеге «YTO» және «LOVOL» ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруші компаниялардың өкілдері өздерінің техникаларын шаруалардың назарына ұсынды.Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің ауласында ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйым­дас­тырылды. Жәрмеңкеде ет-сүт, балық өнімдері, көкөністер мен бақша да­қылдары, тары-талқан сияқты азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан 25-30 %-ға арзан сатылып, тұрғындарға тиімді бағамен таратылды. Жалпы ауыл шаруашылығы тауары жеткілікті көлемде ұсынылып, сауда жасағандар ризашылықтарын білдіріп жатты.

Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің фойесінде мерекелік тақырыпқа сай көрме ұйымдастырылды. Онда ауда­нымызда өндірілетін қазба бай­лықтары мен бақша дақылдары қойылды.

Содан соң аудандық Мәдениет үйінде мерекелік салтанатты жиын болды. Ауыл шаруашылығы қызмет­керлері күні биыл осымен 25-рет атап өтіліп жатыр. Бұл еліміздегі миллиондаған фермерлер, мал шаруа­шылығы мамандары, аг­рономдар, шаруа қожалық иелерінің еңбектерін елеп, кешегі мен бүгінгіні саралап, болашаққа жоспар құратын кәсіби мереке. Салтанатты жиынға Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Көшенов Қайрат Есенұлы арнайы келіп, ауданның шаруа­ларын құттықтап, ақ тілегін білдіре сөз сөйлеп бірқатар сала қызметкерлері мен фермерлерге марапаттар тапсырды.

Келесі кезекте аудан әкімі Карентаев Ермек Амангелдіұлы құттықтау сөз сөйлеп, сала мамандарын түрлі наградалармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Осы ретпен аудандық мәслихаттың төрағасы Саурықов Нұртас Ұзақұлы мен «AMANAT» партиясы аудандық филиа­лының төрағасы Көшкімбаев Манарбек Өсербекұлы да құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады.
Жиын соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.