Мойынқұм таңы

Ауыл шаруашылығын дамыту – маңызды міндет

0 7

Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Ғалымұлы Тамабектің 3 желтоқсанда өткен аппараттық кеңесте берген тапсырмасына сәйкес, 10 желтоқсан күні сағат 15:00-де ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік және қаржылық қолдау тетіктерін түсіндіруге арналған кең көлемді жиын ұйымдастырылды. Аудандық мәслихаттың үлкен залында өткен басқосуға облыстан арнайы жұмыс тобы келіп, жергілікті шаруалармен ашық диалог жүргізді.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков төрағалық етті. Ол өз сөзінде агросектор – аудан экономикасының өзегі екенін, сондықтан шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын толық әрі нақты түсіндірудің маңызын атап өтті.

Облыстан келген жұмыс тобының құрамында ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша жауапты мамандар болды. Солардың қатарында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы бас­шысының орынбасары Болат Сағынбеков, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Үрістенов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облысы филиалы директорының орынбасары Бауыржан Тәжібеков, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыс филиалының бас несие маманы Байәділ Садиев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтағы бас менеджері Бағдат Рахымбердиев, «Тараз ӘКК» АҚ несиелендіру департаментінің бас маманы Эльмира Әбілбек және «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы су пайдалану бөлімінің бас маманы Айтолқын Тюляпова бар.

Әр спикер өз саласы бойынша кеңейтілген баяндама жасап, ауыл шаруа­шылығы өндірушілерін толғандырып жүрген негізгі сұрақтарға тоқталды. Болат Сағынбеков егін шаруашылығына арналған субсидиялау бағыттарын, тұқым, тыңайтқыш, техника алу кезіндегі қолдау түрлерін баяндаса, Медет Үрістенов су арналары мен каналдарды тазалау, бетондау жұмыстарының жоспарлары мен орындалу барысы туралы айтты. Ол биылғы су тапшылығы жағдайында әр тамшы судың тиімділігін арттырудың маңызын ерекше атап өтті.

Бауыржан Тәжібеков ауыл шаруа­шылығына арналған жеңілдетілген несиелер, лизинг бағдарламалары, пайыз­дық мөлшерлемені субсидиялау бағыттары жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді. Ал Байәділ Садиев ауылдық жерлерге арналған «ҚазАгроҚаржы» тетіктерін, техниканы ұзақ мерзімді лизингке рәсімдеу тәртібін, құжат дайындау процесін нақты мысалдармен түсіндіріп берді.

«Даму» қорының өкілі Бағдат Рахымбер­диев кәсіпкерлер үшін қарас­тырылған кепілдік беру, жеңілдетілген несие алу механизмдері жөнінде айтып, ауылдық тартаптарға арналған арнайы бағыттарды таныстырды. Эльмира Әбілбек өңірлік инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін сөз етті.

Жиын барысында ерекше қызы­ғушылық тудырған тақырыптардың бірі – балық шаруашылығын дамыту мәселесі болды. Бұл бағытта су айдындарын тиімді пайдалану, балық көбейту, субсидиялау түрлері сияқты мәселелер талқыланды.
Кездесуге қатысқан шаруа қожа­лықтарының иелері өз салалары бо­йынша нақты сұрақтар қойып, шешімін қажет ететін мәселелерін көтерді. Әсіресе субсидия алу рәсімдерінің жеңілдеуі, су жеткізу кестесін реттеу, инфрақұрылымды жақсарту, несие алу кезінде кездесетін қиындықтар туралы ұсыныстар айтылды.

Ашық диалог форматында өткен бұл жиын шаруалар үшін тиімді алаңға айналды. Мамандар тарапынан берілген түсіндірмелер ауыл шаруашылығы өндіру­шілеріне мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді кеңірек түсінуге жол ашты. Жиын қорытындысында барлық сұрақтар хаттамаға енгізіліп, тиісті органдарға тапсырмалар жүктелді.

Аудандағы бұл кездесудің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығының дамуына қажетті нақты қолдау жолдарын көрсету және шаруалардың мәселесін дер кезінде шешу. Берілген мәліметтер мен ұсынылған тетіктер аграрлық сала өкілдерінің жұмысына серпін беретіні сөзсіз.