Жуырда аудан әкімі Әлихан Балқыбеков Ұланбел, Қарабөгет, Қылышбай ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу жиындарын өткізді. Онда Ұланбел ауылдық округіндегі іссапарда ауыл ішіне жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, артынша ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Жиында Ұланбел ауылдық округінің тұрғындары қаңғыбас иттер, мал өлексесін шығару орны, интернет желісі, балабақшаны жаңа ғимаратқа ауыстыру, пошта торабының газет жеткізу қызметінің баяулығы секілді сауалдармен қайырылды.
Бұдан кейін іссапар Қарабөгет ауылдық округінде жалғасты. Аталған округте жаңадан соғылып жатқан мектеп құрылысының барысымен танысып қайтты. Қарабөгет ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесу жиынында округ халқы аудандық пошта торабының тасымалдау қызметі, Қарабөгет ауылдық округінің кіре берісіндегі көпір мәселесі, ағын су бөгетінің орнын ауыстыру бойынша мәселелерді айтты.
Сапар соңында аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы Қылышбай ауылдық округі тұрғындарының «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелендіру, ауылдың ауыз су берілу уақыты, ауыл маңынан шаруақожалықтарға жер беру мәселелері бойынша сауалдарын тыңдады.
Кездесуден соң аудан басшысы жеке қабылдауында болған Төреқұл Иетаев қарияның үйіне барып, өз өтініштеріне сәйкес көше мен тұрмыстық жағдайын көріп, заңға сәйкес тәртібін түсіндіріп, қарияның батасын алды.
Жалпы сапар барысында айтылған сауалдар бойынша тиісті түсіндірме жауаптар беріліп, күрделі мәселелердің шешімін шұғыл мерзімде орындауды тапсырды.