Мойынқұм таңы

Ауылдардағы мәселелер назардан тыс қалмайды

0 82

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімінің аудан халқымен кездесу кестесіне сай ауылдарда кездесу жалғасуда. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірханов алғашқы кездесу Қызылтал ауылдық округінен бастады. Осы ауылдық округ орталығы Көкжелек ауылы әкімшілігінің ғимаратына жиналғандар біраз болды. Ауыл тұрғындары Б.Момышұлы атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, егістік алқапқа бас арық тарту, Биназар көшесіне асфальт төсеу, А.Назарбеков ауылының жолдарын жөндеу, Байбарақ каналының қашыртқысын жөндеу туралы сұрақтар қойды.

Қойылған сұрақтарға тиісті бөлім басшылары мен аудан әкімінің орынбасары жауап берді.

Келесі кездесу Күшаман ауылының тұрғындарымен өтті. Күшамандықтар аудан басшылығымен кездесу үшін Амангелді атындағы орта мектептің мәжіліс залына жиналды. Жиналыс ұзын сонар баяндамалардан емес, еркін форматта, сұрақ-жауап ретінде өтті.

Ауыл тұрғындары Ш.Өскенбаев, Қ.Тоқбаев көшелеріне асфальт төсеу, егін суының тұрақты болуы жайлы сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды.
Түс ауа жұмысшы топ Жамбыл ауылдық округіне келіп жетті. Ауылдық клубтың мәжіліс залына жиналған көпшілік кездесудің сұрақ-жауап ретінде өтуін бір ауыздан қолдады.

Ауыл тұрғындары өз ауылдарының әкімі Ақсана Қалыбаеваның атқарып жатқан жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, алғыс білдіре келе, ауылға балалар ойын алаңшасының қажеттігін айтты.

Өз кезегінде ауыл әкімі Ақсана Жамбылқызы сөз алып, балалар ойын алаңшасының орны белгіленіп, ЖСҚ әзірленгенін, алдағы уақытта қаржы мәселесі шешімін тапса соғылатынын жеткізді.

Кездесу кестесіне сай осы жартыжылдықтың соңғы кездесуі аудан орталығы Мойынқұм ауылының тұрғындарымен аудандық мәслихаттың мәжіліс залында өтті.

Мұнда да жиналыс сұрақ-жауап форматында өтті. Тұрғындар арық суы, ауыз судың сапасы, ауыл тазалығы, ауылдағы қаңғыбас иттерді ұстау немесе жою, Ә.Көшенов көшесіне жол жиегін салу сияқты сұрақтар қойды.

Барлық ауылдарда сұрақтардың басым бөлігіне сол жерде жауаптар берілді. Дер кезінде жауап берілмеген сұрақтар хаттамаға енгізіп, мәселенің шешімі табылғанға дейін аудан басшысының бақылауында болатыны туралы тұрғындардың назарына жеткізілді.