Қазіргі заманда тұрғын үйлер, ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуы — қоғамдағы ең маңызды мәселелердің бірі. Көп жағдайда бұл жауапкершілік мемлекетке тиесілі деп ойлаймыз. Алайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, объектінің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету – оның меншік иесінің тікелей міндеті.
71-бап не дейді?
Қазақстан Республикасының тиісті заңнамасындағы 71-бап меншік иелеріне нақты міндеттер жүктейді. Яғни, меншік иесі өз ғимараты мен құрылысына кез келген жөндеу, қайта құру немесе қайта жабдықтау жұмыстарын жүргізген кезде арнайы рұқсат рәсімдерінен өтуге және мемлекеттік нормалар мен стандарттарды сақтау қажет.
Сонымен қатар ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық сақтау – өзекті мәселелердің бірі. Ауыл келбетін жақсарту тек әкімдік пен коммуналдық қызметтің емес, әрбір тұрғынның азаматтық борышы болуы тиіс. Үйлердің айналасын таза ұстау, күл-қоқысты бейберекет тастамау, ағаш егу, гүл отырғызу – мұның бәрі ауылды көркейтуге қосылған үлес.
Ауылдың сәулетті, көрікті болуы – тұрғындардың мәдениеттілігі мен жауапкершілігінің көрсеткіші.
Осы мақсатта аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Бабахан мен Мойынқұм ауылдық округі әкімінің орынбасары Жоламан Шайыахметтің бастамасымен және бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде ауылдың сәулетті келбеті мен абаттандырылуына назар аударылып, құрылыс иелері мен көше тұрғындарына ескертулер айтылды.