Мойынқұм таңы

Балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті

0 15

Орталық алаңда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты балалық шақ» атты мерекелік концерт өтті. Таңертеңнен-ақ концерт өтетін аумақ бала күлкісіне толып, түрлі-түсті шарлармен, фото зоналармен көмкерілді. Салтанатты іс-шараны аудан әкімі Карентаев Ермек Амангелдіұлы ашып, аудан тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады. Барлық балаға шаттық пен мейірім тілеп, олардың жарқын болашағына сенім білдірді.

Мерекелік сахнада «Құлыншақ» бө­бек­жай-бақшасының бүлдіршіндері та­мылжыта ән салып, мың бұрала би би­леді. Олар жиналған көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қошеметіне ие болды. Іс-шара барысында балалардың шығармашылығын шыңдайтын және көңілдерін көтеретін түрлі белсенділіктер ұйымдастырылды. Аудандық Өнер және қосымша білім беру мектебінің оқушылары мольбертке сурет салып, өз шеберліктерін паш етті. Түрлі бояулармен көркемделген жарқын суреттер жиналған жұртшылықтың назарын аударды. Сондай-ақ арнайы белгіленген аумақта балалар асфальтқа түрлі-түсті бормен сурет салып, өз қиялындағы ертегі кейіпкерлерін бейнеледі. Бірі табиғат көрінісін салса, енді бірі күн мен бұлтты, отбасын, сүйікті ойыншығын кескіндеді. Бұл белсенділік шығармашылығын жаңадан бастап келе жатқан бүлдіршіндер үшін таптырмас мүмкіндік болды. Салтанатты кеште ұлттық ойындарға да айрықша көңіл бөлінді. Жасөспірімдер асық атып, бәсекеге түсті. Әсіресе дәстүрлі ойынның қызығына кірген кішкентайлар әрбір дәл тиген асығына қуанып, бір-бірін қол­дап, шат-шадыман күйге бөленді. Ал тоғыз­құмалақтан өткен жарыс адамның интел­лектуалды ойлау қабілетінің дамуына әсер етті. Арқан тарту сайысы тек балаларды емес, ата-аналарды да қызықтырды. Екі топқа бөлінген балалар бірлесе әрекет етіп, арқан тартты. Көрермендер оларға қолдау білдіріп, ерекше көңіл-күй сыйлады. Көк аспанда қалықтаған түрлі-түсті батпырауықтар, тегін таратылған балмұздақтар мен тәтті сусындар ме­рекеге ерекше рең беріп, балалардың қуанышын еселей түсті. Мереке соңында балалар арнайы жасалған билбордтың алдына естелікке суретке түсіп, бір-біріне сыйлық берді.

Бұл күн шаттық пен шабытқа толы айтулы сәттердің бірі. Әрбір ба­ланың болашағы – біздің ортақ жауап­кершілігіміз. Бала – еліміздің ертеңі, үміт пен сенімнің символы.