1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудан әкімдігі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы «Абылайхан» алаңында «Алтын балалық шақ» атты тақырып аясында мерекелік жиын болып өтті.
Кештің ашылуында алдымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәбит Төлегенов сөз сөйлеп, балаларды қорғау күні–әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мереке ғана емес, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін күн екенін тілге тиек етіп, бала бақыты үшін барын салып өмір сүре білетін ата-аналарды, бүлдіршін балаларды айтулы мерекемен құттықтады.
Бұдан кейін сахна төрінде мектеп, балабақша, қосымша білім беру мектептерінің өнерпаздары әсем әндерін шырқап, мың бұрала би биледі.
Жиналған көпшілік түрлі ойын-сауық нүктелерін аралап, бақытты балалық шақтардың жарқын куәсі болды. Балалардың көз қуанышына айналған орталық алаң ерекше сәнге айналды. Ал ұйымдастырушылар барлық бүлдіршіндерге тегін балмұздақ таратып, балалық шақтың бақытты сәтін бір сезіндірді.
Мұнан соң аталмыш мектептің өнерпаз оқушылары әсем табиғат бейнелерін асфальтқа салып, сурет салу, асық ату, арқан тарту жарыстарына қатысты.
Жиын соңында жеңімпаз оқушылар аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың Алғыс хатымен марапатталды.