Осы аптада аудандық мәслихаттың мәжіліс залында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының Мойынқұм аудандық комитетінің пленумы болып өтті.
Пленум жұмысына Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ белсенділері қатысты.
Пленумда бес мәселе қаралды. Пленумда бірінші болып сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев аудан бойынша білім саласындағы қолжеткізген жетістіктер мен шешілуі кезек күткен түйінді мәселелерді терең талдаған баяндама жасады. Содан соң Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының Мойынқұм аудандық комитетінің төрағасы Бахтияр Махамедов 2024 жылы атқарылған жұмыстарын баяндап берді.
–2025 жылдың 1 қаңтарына статистикалық есептілік бойынша 2492 кәсіподақ мүшесінен тұрады.
Аудандық кәсіподақ ұйымының жұмысы әлеуметтік әріптестік, құқықтық қорғау, ақпараттық әдістемелік, мәдени-ұйымдастырушылық, кәсіподақтың жастар қанатының жұмысы, қаржылық есептілік сияқты 6 үлкен бағытқа бөлінген.
Әлеуметтік әріптестік-жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы мүдделерді келісудің маңызды құралы болып табылады. Ол Ұжымдық шарт арқылы жүзеге асады.
Ауданда барлық білім беру мекемелері аталған құжатпен жұмыс істеуде. Ұжымдық шарт нысаны оның мәртебесін және тараптардың көп мәселелер бойынша өзара мүмкіндіктерін едәуір арттыруға септік етуде. Атап айтқанда, келісімдер жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі пәрменді келісу комиссияларын құруға мүмкіндік тудырып, жұмыс берушінің қандай да бір актілерін қабылдауда кәсіподақ органдарының келісімін немесе дәлелді пікірін алу тәртібін белгілейді.
Жасалған келісімдер жұмыс берушілердің шынайы, яғни орындалуын қамтамасыз ететін міндеттемелер алуын, еңбек жағдайлары мен еңбекақы төлеудегі олқылықтарды мейлінше жедел және тиімді түрде жоюды қамтамасыз етті. Осы орайда, ұжымдық шарттың оң тұстарын атап өткім келеді:
1. Әдістемелік бірлестіктер үшін 25% қосымша ақы;
2. Іс жүргізушілерге, есепші мамандарға жұмыс ауқымының көбейген жағдайында жалақының 50% мөлшерінде қосымша ақы төлеу;
3. Кітапханашыларға лауазымдық жалақысының 30 мөлшерінде қосымша төлеу;
4. Медициналық қызметкерлерге 15-50% қосымша ақы төлеу;
5. Директорлар мен олардың орынбасарлары негізгі лауазымнан басқа оқытылатын пәннің 7 сағатын жүктемеге алу мүмкіндігі;
6. Мектепте жұмыс істейтін барлық штаттық қызметкерлерге ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша төлеу;
7. Еңбек демалысына қосымша ақылы күндер көзделген: 1 және 2 топтағы мүгедектерге-10 күн, 3 топтағы мүгедектерге-6 күн;
8. 2022 жылдан бастап қызметтік үй-жайлардың тазалаушылары еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын және 6 күн қосымша демалыс ала бастауы;
Сонымен қатар, педагогикалық қызметкерлерге жыл сайынғы бір реттік коммуналдық төлемақыға берілетін қаражат мөлшері артып келеді.
Аталған мерзімде аудандық білім бөліміне бағынысты білім беру мекемелерінде Қазақстан Республикасы еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша барлығы 40 тексеріс жүргізілді. Аталған кезеңдегі қолданыстағы еңбек заңдылығының талаптарын бұзудың 94 жағдайы анықталды. Аталған кезеңде берілген құқықтық кеңестер саны 1083.
2024 жылы кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржылардың нақты төленген мөлшері – 461 905 мың теңгені құрады.
Сонымен қатар, 2024-2026 жылдарға жасалған Ұжымдық шарттың орындалуына 25 610 657 мың теңге жұмсалды,- деді ол.
Қос баяндаманы талқылау үшін жарыссөзге шыққан білім саласының ардагері Мақсұт Омаров, Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектебінің директоры Абзал Сәлібеков аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіптік одағы комитетінің арасында іскерлік байланыстың дұрыс жолға қойылғанын, көптеген түйіткілді мәселелерді шешу келіссөз арқылы жүргізілетіндігін, мәдени-спорттық, сауықтыру бағытында жоспарлы жүйелі жұмыс атқарылғандығын атап өтті.
Пленумда сөз алған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков еліміз, облыс бойынша кәсіподақтар атқарған жұмыстарға, алда жүзеге асырылуы белгіленіп отырған шараларға кеңінен тоқталып, жиынға қатысушыларды толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.
Пленумда білім саласына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерге арнайы медаль тапсырылды.