Мойынқұм ауылының орталық саябағында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 33 жылдығына орай Желтоқсан құрбандарын еске алу мақсатында Халық қаһарманы – Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Жиынға аудан әкімі Ермек Карентаев, зиялы қауым өкілдері, Желтоқсан куәгерлері және ауыл тұрғындары қатысты.Аудан басшысы жиынға қатысушыларға арнап тілек білдіріп, бүгінде бұл күн әрбір қазақстандық үшін ерекше мақтаныш пен рухани биіктікке толы мереке екенін атап, құттықтау сөз сөйледі.
–Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еліміздің шекарасы бекітіліп, халықаралық аренада мемлекетіміздің беделінің өсуіне бағытталған шаралар жүзеге асты. Егемен ел ретінде Қазақстанның Конституциясы қабылданып, теңгеміз айналымға енді, Елордамыз әсем қала бой көтерді. Біздің бүгінгі мақсаттарымыз бен міндетіміз тұрғындар өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеруге бағытталған, — деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Айсұлу Көпбаева сөз сөйледі.
Ары қарай Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары жыр-шумақтарын оқыды. Жиын соңында тәуелсіздік жолында құрбан болған ұлт қайраткерлеріне арналып құран бағышталды.