Осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімі аппаратының кезекті отырысы аудан әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен өтті.
Отырыстың күн тәртібіне «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2025 жылға арналған жоспар», «Көктемгі екі айлық сенбілік жұмыстарының барысы туралы», «Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру (жылқы малын чиптеу арқылы есепке алу) туралы мәселелер ұсынылды. Бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақов хабарлама жасады. Хабарламашының айтуынша әр ауылдық округтер бойынша кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісін бастауға ниет білдірген тұрғындардың осы бағдарлама арқылы пайызы төмен несиеге қол жеткізуіне толық мүмкіндігі бар екен. Алайда тұрғындар тарапынан осы мүмкіндікті пайдаланғысы келетіндер аз көрінеді. Бұл тұрғындардың мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау-көмегінің нәтижесін түсінбей отырғанын көрсетсе керек. Тұрғындар арасында бағдарламаның пайдасын түсіндіру жұмыстары жүргізіле береді. Бұл жұмысқа ауыл, ауылдық округ әкімдері де атсалысса деген тілегін жеткізді бөлім басшысы.
Содан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәбит Донбаев екі айлық тазалық, көріктендіру айлығының әр ауылда қалай жүргізіліп жатқанына слайд арқылы шолу жасады. Ол бұл бағытта жеткен жетістіктерді атап көрсетіп, түзетуді қажет ететін кемшіліктерді жасырмады.
Үшінші мәселе бойынша аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ернұр Нәдірғожин хабарлама жасады.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдарының тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 400-ге жуық жылқы малы есепке алынған. Жыл басынан бері 4200 бас мүйізді ірі қара, 6150 бас уақ мал, 70 бас түйе, 1408 бас жылқы малы бірдейленіп, дерекқорға енгізілген. Ірі қара малдарын топтастырып, емдеу, сырғалау шараларын жүргізу үшін қора қажет. Осындай қора Айдарлы, Бірлік, Биназар, Жамбыл, Шығанақ, А.Назарбеков, Көкжелек, Қылышбай ауылдарында ғана бар. Қалған ауылдарға ауыл әкімдеріне сұраныс берілгенімен назардан тыс қалуда. Нәтижесінде малдарды бірдейлендіруге көп кедергі келтіруде,-деді Ернұр Амандықұлы.
Бөлім басшыларының есебін мұқият тыңдаған аудан әкімі Ермек Карентаев әр мәселе бойынша бірнеше сауал қойып, өзекті деген мәселелердің шешу жолын қарастыруды ауыл әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына тапсырды.