Мойынқұм таңы

Берілген уәде, айтылған сөз орындалды ма?

0 17

Осы аптаның сейсенбісінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аппараттық кеңес өтіп, ауданның 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қаралды. Кеңесті аудан әкімі Ермек Карентаев жүргізді.

Жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Еркін Кеншімов аудан экономикасының негізгі көрсеткіштері туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында өнеркәсіп өндірісі 59,2 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 99,3% деңгейінде орындалған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,2 млрд. теңге болып, 100,8%-ға жеткен. Дегенмен, негізгі капиталға салынған инвестициялар мен құрылыс жұмыстары көлемінде айтарлықтай төмендеу байқалады. Бұл көрсеткіштер бойынша нақты іс-шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.

Келесі баяндаманы аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Лаура Қазақбаева жасады. Оның айтуынша, аудан бюджетінің меншікті кірістері 120,5%-ға орындалып, жоспардан артық 302,2 млн теңге түскен. Ал бюджет шығындары 98,8% игерілген. Игерілмеген қаржы көлемі – 37,4 млн теңге. Оның себебі ретінде бірқатар жобалардың мерзімінде аяқталмауы және республикалық қаржының кешігіп түсуі аталды.

Жайылым мәселесіне қатысты баяндаманы аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Эльдар Кокушев жасап, ауылдық округтер бойынша жайылым жерлерді тиімді пайдалануға арналған жоспар ұсынылды.

Көктемгі әскерге шақыру жұмыстары бойынша аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Болат Әуелбаев науқанның жүргізілуі бойынша айтып өтті.

2025 жылдың ІІ жартыжылдығына газет-журналдарға жазылу барысы туралы ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева баяндап, жазылым көрсеткішін арттыру бағытында қолға алынған шараларды атап өтті.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мейірбек Дүйсембаев дала өрттерінің алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстарды таныстырды. Бүгінде аудан аумағында 2790 шақырым өртке қарсы жолақ жыртылып, 16 ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылған. Сонымен қатар, рейдтер, түсіндіру жұмыстары, оқу-жаттығулар тұрақты жүргізілуде.

Жиын соңында аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы салалық бөлім басшыларына орындалмай қалу қаупі бар көрсеткіштерді жіті бақылауға алып, шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, барлық есептік ақпараттың уақытылы және сапалы берілуін қамтамасыз етуді міндеттеді.