Мойынқұм таңы

Бес ауыл аналарының шаттығы

0 8

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ардақты аналар мен әжелерге құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Ермек Карентаев, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев және аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов аудандағы көпбалалы аналардың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.

Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Биназар ауылында тұратын ардақты әже Биқұт Көшкімбаева және Мойынқұм ауылында тұратын қарт ана, «Алтын алқа» иегері Алмагүл Шуылдақова апалардың шаңырағына барып амандасып, құрмет көрсетіп, мерекелік лебізін білдірді.

Кездесу барысында аудан басшысы көп жасаған әжелерге «Мойынқұм ауданына 60 жыл» мерекелік медалін табыстады. Ардақты әжелер Ермек Амангелдіұлына баталарын берді.

Аудан әкімі Ермек Карентаев зейнет­кер, еңбек ардагері Ляля Халитованың шаңырағына арнайы барып, мерекемен шын жүректен құттықтады. Көпті көрген аяулы анаға ақ жарма тілегін арнап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі.
Ізгі ниеттің белгісі ретінде аудан әкімі Ляля Халитоваға ұлттық дәстүрге сай камзол жауып, бағалы сыйлықтар табыстады. Өз кезегінде ақ жаулықты ана көрсетілген құрмет пен ықыласқа ри­зашылығын білдіріп, ел аман, жұрт тыныш болсын деген тілегін ақтарды.

Аудан әкімі Бірлік ауылында тұратын еңбек ардагері Алтынкүл Сеймолдаева апаның шаңырағында болып, ардагерге «Мойынқұм ауданына 60 жыл» мерекелік медалін табыстады. Ардақты әже көр­сетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Дәл осындай құрмет Қызылтал ауыл­дық округіне қарасты А.Назарбеков ауы­лындағы Орынкүл Үмбетова әжеге де көрсетілді.