Мойынқұм таңы

Білім басқармасының басшысы ауданға келді

0 6

Ауданымызға білім беру саласына қатысты маңызды жұмыс сапары ұйымдастырылды. Ауданға Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Нұрбек Әбубекұлы Оршыбеков арнайы келіп, бірқатар білім беру ошақтарының бүгінгі жай-күйімен танысты. Сапар барысында делегацияға аудандық білім бөлімінің басшысы Мұқашев Мәлік Мұратәліұлы жетекшілік етіп, аудан көлеміндегі өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жан-жақты ақпарат берді.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – ауылдық және аудан орталығындағы білім ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын көзбен көріп, оқу үдерісінің ұйымдастырылуын бағалау, қауіпсіздік пен инфрақұрылымға қа­тысты түйткілдерді нақтылап, алдағы шешімдерге бағыт-бағдар айқындау болды. Әсіресе ауыл мектептеріндегі оқу шарттары, ғимараттардың жай-күйі, балалардың қауіпсіз ортада білім алуы және педагогикалық үдерістің тұрақтылығы басты назарда тұрды.

Алдымен делегация Көкжелек ауы­лындағы Бауыржан Момышұлы атын­дағы орта мектепке барып, мектептің тыныс-тіршілігімен, оқу үдерісінің ұйымдастырылуымен танысты. Мектеп әкімшілігі оқушылардың білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды, пән кабинеттерінің жабдықталуын, тәрбие жұмыстарының мазмұнын және оқу жылы барысында атқарылып жатқан міндеттерді таныстырды. Облыстық басқарма басшысы сынып бөлмелері мен пәндік кабинеттерді аралап көріп, білім беру сапасына әсер ететін материалдық база мен оқу ортасының қолайлылығына ерекше мән берді.

Сапар одан әрі Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепте жалғасты. Мұнда оқушылардың қазіргі таңда ауылдық әкімдік ғимаратында білім алып жатқаны ескеріліп, оқу жағдайы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер кеңінен қаралды. Уақытша ғимараттағы оқу үдерісінің ұйымдастырылуы, оқу кабинеттерінің жеткіліктілігі, санитарлық талаптардың сақталуы, жылу жүйесінің тұрақтылығы сияқты нақты сұрақтар күн тәртібіне шықты. Кездесу барысында балалардың оқуын үздіксіз әрі қауіпсіз жағдайда жүргізу бірінші кезектегі міндет екені айтылып, тиісті жауапты тараптарға нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.

Жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы бірқатар коммуналдық мемлекеттік мекемелер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Мойынқұм аудандық колледжі, аудандық экологиялық орталық және ППТК мекемелерінің қызметімен танысып, олардың материалдық-техникалық мүмкіндіктері, кадрлық әлеуеті, білім алушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен бағыттары қаралды. Бұл мекемелердің аудан көлеміндегі кәсіби бағдар беру, қосымша білім мен қолдау қызметтерін күшейту ісіндегі орны да атап өтілді.

Сонымен қатар, делегация Қарабөгет ауылындағы жаңа мектепке арнайы барып, білім ордасының дайындық дең­гейі мен материалдық базасына баға берді. Ғимараттың ішкі-жабдықталуы, оқу кабинеттерінің дайындығы, инженерлік желілердің жағдайы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы секілді негізгі бағыттар бойынша зерделеу жүргізілді. Жаңа мектептің толыққанды іске қосылуы ауылдағы білім сапасын көтеріп қана қоймай, оқушыларға қолайлы орта қалыптастыруға тікелей ықпал ететіні айтылды.

Іссапар қорытындысында білім беру ұйымдарының өзекті мәселелері талқыланып, алдағы уақытта атқары­латын жұмыстар бойынша нақты бағыттар айқындалды. Білім нысанда­рындағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жақсарту, қауіпсіздік пен оқу сапасына қатысты талаптарды күшейту, ауыл мектептеріндегі өзекті түйткілдерді жүйелі шешу бағытында ұсыныстар беріліп, тиісті жоспарлар нақтыланды. Мұндай жұмыс сапарлары білім саласындағы жағдайды нақты бағамдауға және жергілікті деңгейдегі мәселелерді облыстық деңгейде көтеріп, шешім қабылдауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.