Мойынқұм таңы

Бірлігі жарасқан– Қазақстан

0 78

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында аудандық орталық кітапхананың «Coworking» орталығында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Бірлігі жарасқан – Қазақстан» атты этнос өкілдерінің қатысуымен кеш өтті. Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

–Бұл тұрақтылық пен тыныштықты, татулық пен келісімді дәріптейтін мереке. Достық пен өзара түсіністік халқымыздың сана-сезімінде берік орныққан. Бұл берекелі өмірдің, бейбітшілік пен келісімнің өзегі екендігінің нақты көрсеткіші. «Ырыс алды – ынтымақ». Қазіргі таңда ауданымызда түрлі этнос өкілдері жергілікті тұрғындармен бірге тату да берекелі ғұмыр кешуде. Тағдырдың жазуымен өңірімізде тоғысқан ұлттар тұтаса келе бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін,- деді ол.

Содан соң сөз алған білім саласының ардагерлері Шаһаркүл Оспанова, Айнаш Боташева, аудандық мешіттің бас имамы Рысбай Еспенбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мәди Күнту және тағы басқалар ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттап келе жатқан мереке қазақ халқын көпшілікке үлгі етіп отырғандығын, қиын қыстау заманның өзінде жақын мен жаттың балаларын өгейсінбей, өз бауырына тартқан ұлт үшін бұл қанға сіңген қасиет, ертеден келе жатқан тектіліктің белгісі екендігін баса айтты.

Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары бірнеше ән айтып, кешке қатысушылардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Кеште аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев ауданымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып жүрген белсенділер мен қоғамдық ұйымдарға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.